Петропавлдағы әуежайға түнгі рейстерге рұқсат берілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-нің техникалық мүмкіншілігі артып, енді халықаралық бағыттарда жаңа рейстер ашу жоспарланған.

Петропавл әуежай
Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-ның жаңа директоры Октем Мұстафа Йылтанмен кездесті.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кездесуде әуежайдың даму перспективалары, инфрақұрылымды жақсарту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.

Әуежай жұмысы алға басып келеді. Мәселен, жақында түнгі рейстерге рұқсат берілді. Нәтижесінде әуежай тәулік бойы ұшақ қабылдай алады. Сондай-ақ, жаңа жанармай құю станциясы іске қосылды, бұл логистиканың жақсаруына, үлкен әуе кемелерін қабылдауға жол ашты.

Болашақта жаңа халықаралық бағыттарды ашу жоспарда бар. Бұл әуежайдың әлеуетін ұлғайтып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және солтүстікқазақстандықтар үшін туристік мүмкіндіктерді кеңейтуге септігін тигізеді.

Естеріңізге салайық, 2 шілдеден бастап Петропавлдан Мысыр еліне тікелей әуе рейсі ашылады.

Соңғы жаңалықтар