Петропавлдағы бұрынғы көпес үйінде пиццерия мен мейрамхана орналасқан

көпес үйі
Фото: Kazinform/Олеся Жуковень

Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы мен Н.Назарбаев көшелерінің қиылысында көпес Шафеевтің үйі мен дүкені орналасқан. 19 ғасырдың аяғында салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған және жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Зуфар Махмұтовтың «Петропавл және Солтүстік Қазақстан облысының татарлары: тарих және этникалық процестер» кітабында «татар көпестерінің иелігіндегі ғимараттар Петропавл қаласының дәл орталығында Вознесенский даңғылында және қаланың оған іргелес оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

Татар көпесінің үйі, әдетте, екі қабатты, тасты, темір төбелі болып келеді (тозығы жеткен ағаш үйлер шатырмен жабылған), дәліздері жылы, екі баспалдақ (ерлер мен әйелдерге арналған), әр қабатта ас үй болады. Көбінесе үйдің бір қанатында дүкендері (көпестер А.Шафеев пен К. Шамсутдиновтың ғимараттары) іргелес болатын, ол әдетте үймен үш бөліктен тұратын қақпалармен (орталық кіреберіс және екі қақпа) біріктірілетін» деп жазады.

Пиццерия и ресторан разместились в бывших купеческих зданиях в Петропавловске
Фото: arhivsqo.wordpress.com

Көпес Шафеев үйінің сипаттамасында ғимараттың қасбеті бедерлі кірпішпен әшекейленгені көрсетіледі. Екінші қабаттың ішкі бөлігінде фигуралы керамикамен қапталған пештер мен төбелік шамдардың бір бөлігі сақталған. Баспалдақтың метал жақтаулары ерекше көзге түседі. Алайда аулаға апаратын қақпалар мен тас қамалдар сақталмаған.

Ғимарат 19-20 ғасырдың басына тән провинциялық саудагерлер қалашығының тарихи үлгісімен салынған, ол іскерлік және сауда мақсатындағы кірпіш ғимараттардың жоспарлы кешенді құрылысында көрініс тапты және қаланың архитектуралық мұрасы деп танылып, 1982 жылы Петропавл қалалық атқару комитетінің шешімімен қорғауға алынды.

1888 жылы дүкенде азық-түлік сатылды: құрғақ азық-түлік тауарлары, жартылай фабрикаттар мен консервілер, шай, қант, жарма, дәмдеуіштер және кейбір негізгі тұрмыстық тауарлар (сабын, сіріңке). Дүкеннің үйден айырмашылығы - бір қабатты болғандығында. Сауда залында үлкен терезелер бар, олар осы күнге дейін сақталған. Сарапшылар декордың негізгі элементтері пилястрлармен және бедерлі кірпішпен безендірілген қасбет, парапет бағаналар және металл парапет қоршаулардан жасалғанын айтады. Ондағы едендер сол кездері қаланың көптеген кірпіш ғимараттары үшін дәстүрлі құрылымдық элемент болған.

үйі
Фото: Kazinform/Олеся Жуковень

Кеңес үкіметі орнаған соң үй мен дүкен мемлекет меншігіне өтті. З.Махмұтовтың кітабында қызыл әскер қалаға келгенге дейін кейбір саудагерлер бар дүние-мүлкін тастап, Қытайға қашып кеткені туралы жазылады. Олардың қатарында Шафеев те бар.

— Қытайға қашқанның бәрінің жолы болды деуге келмейді... Шафеевтер 1930 жылдары Петропавлға қайта оралды. Ол кезде қала орталығындағы екі қабатты зәулім үй дүкенімен бірге тәркіленіп, 9 балалы отбасы ағаш үйдің жертөлесінде және қаңырап бос қалған ескі үйде тұруға мәжбүр болды. 1932 жылы көпес А.Шафеев кедейшілікте қайтыс болады, - деп жазады Ж.Махмұтов.

Бір ғасырдан астам уақытта бұрынғы сауда ғимараттарында әртүрлі ұйымдар орналасты. Оның ішінде «Пропагандист» кітап дүкені, сауда алаңы, ойын автоматтары және банк бөлімшесі бар.

Бірнеше жыл бұрын бұрынғы көпес дүкені жойылудың сәл алдында тұрды. Оның иесі ғимаратты тастап, жылуын өшірген. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының араласуынан кейін мәселе шешіліп, ғимарат ұзақ мерзімге жалға берілді.

Қазір көпес Шафеевтің үйі мен дүкенінде оптикалық дүкен, пиццерия, бар орналасқан. Жуырда грузин мейрамханасы ашылмақшы.

Соңғы жаңалықтар