Петропавлдағы Киров атындағы зауыт сатылымға шықты: 600-ге жуық жұмысшының орны сақтала ма

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы Петропавлдағы С. М. Киров атындағы зауыттың 100% акциясын электрондық саудаға шығарды.

ув
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Е-qazyna.kz электронды сауда порталында кәсіпорынның бастапқы құны 9,1 млрд теңге деп көрсетілген. Зауытты сатып алушы өндіріс профилін, жұмыс орындарын сақтау және мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау сынды бірқатар әлеуметтік және экономикалық шарттарды орындауға міндетті. 

Саудаға қатысуға өтінімдер 27 қараша күні сағат 10:55-ке дейін қабылданады. Ал аукцион сағат 11:00-де басталады. Қатысушылар 1,3 млрд теңге шамасында кепілдік жарна төлеуі қажет.

а
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Хабарландыруда зауытта орташа 590 адам жұмыс істейтіндігі көрсетілген.
Сондай-ақ, кәсіпорынның берешегі туралы да ақпарат бар. 2026 жылғы 27 қазандағы қаржылық анықтамаға сәйкес, Киров атындағы зауыттың кредиторлық берешегі 24,4 млрд теңгеге жуықтаған. Оның басым бөлігі, яғни, 22 млрд теңгесі - алынған қысқа мерзімді аванстар. Ал кәсіпорынның дебиторлық берешегі 13,2 млрд теңге.

в
Фото: sauda.e-qazyna.kz

С.М. Киров атындағы зауыт 1928 жылы Мәскеуде құрылып, 1942 жылы Петропавлға көшірілген. Соғыс уақытында зауыт ұжымы майданды әскер арасында үлкен сұранысқа ие болған радиоқабылдағыштар мен радиопеленгаторлармен қамтамасыз етті.

Кейін зауыт халық шаруашылығы мен тұрғындардың қажетіне арналған радиоқабылдау құрылғыларын шығаруға көшті. 

а
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Қазіргі уақытта кәсіпорын арнайы байланыс құралдары мен цифрлық телехабар тарату жабдықтарын өндіруге маманданған. Сонымен қатар теміржол көлігіне арналған автоматика, телемеханика, байланыс құралдары мен қауіпсіздік жүйелерін және басқа да жабдықтарды шығарады. Олардың қатарында Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен күштік құрылымдарына арналған байланыс құралдары да бар.

Бұған дейін бір кездері ноутбук құрастырған Киров зауыты қазір қандай өнім шығаратынын жазған едік.