Бір кездері ноутбук құрастырған Киров зауыты қазір қандай өнім шығарады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бір кездері елімізде алғашқылардың бірі болып компьютерлік техника құрастыруды қолға алған Петропавлдағы Киров атындағы зауыт бүгінде басқа өндірістік бағыттарға басымдық беріп отыр.
«Завод им. С. М. Кирова» (ЗиК) кәсіпорнының мәліметінше, 2020 жылдан бастап мұнда 62 мыңнан астам компьютерлік техника шығарылған. Алайда қазір компьютер, ноутбук пен планшет өндірісі зауыттың негізгі міндеттерінің қатарында жоқ.
ZIKComputers брендімен шыққан отандық техниканың өндірісі жалғаса ма? Кәсіпорынның бүгіні мен жоспары қандай?
Радиоқабылдағыштардан ноутбуктерге дейін
Киров атындағы зауыттың тарихы 1928 жылдан басталады. Кәсіпорын алғашында шағын радиомонтаж шеберханасы ретінде құрылған.
Кеңес дәуірінде зауыт «Победа», «Рекорд», «Қазақстан» радиоқабылдағыштарын, «Есіл» радиоқабылдау құрылғысын және түрлі электр аспабын шығарды. Әйелдер арасында, әсіресе, электр вафель пісіргіштер танымал болды.
Алайда зауыт тұрмыстық техникамен ғана шектелмей, қорғаныс саласының тапсырыстарын да орындады.
ZIKComputers қалай пайда болды?
Кәсіпорын компьютерлік техника шығару бастамасын 2018 жылы қолға алды. Электроника, компьютерлік техника және серверлік жабдықтар өндіруде тәжірибесі бар қытайлық Great Wall компаниясымен әріптестік орнатып, 2019 жылы тараптар жаңа жоба бойынша іске кіріседі.
Нәтижесінде, ZIKComputers отандық компьютерлік техника бренді пайда болды. 2020 жылы карантинге байланысты СҚО, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының тапсырысы бойынша 48 мыңнан астам ZIK компьютерлері, планшеттері мен ноутбуктары жеткізілді.
Ноутбук өндірісі неге тоқтады?
«ЗиК» кәсіпорнының мәліметінше, қазіргі уақытта нарық талабына сай өндірістік қуат және инженерлік-техникалық әлеует радиоэлектроника, арнайы аспап жасау және салалық тапсырыстарды орындауға бағытталған.
Десек те, зауыт компьютерлік техника өндіруге қажетті технологиялық негізі мен құзыреттерін сақтап қалмақ, яғни бұл бағытқа оралу мүмкіндігі бар. Алайда әзірше компьютерлік техника өндірісін қайта бастау туралы нақты шешім немесе оның мерзімі жарияланған жоқ.
Зауыт қазір немен айналысады?
Бүгінде кәсіпорынның негізгі жұмыстарының бірі — теміржол саласындағы радиостанцияларға кешенді техникалық қызмет көрсету және «КЛУБ-У» жүйелеріне сервистік қолдау көрсету.
Бұған қоса, зауыт теміржол инфрақұрылымында қолданылатын арнайы жабдықтар шығарады. Олардың қатарында УПВ-1 сөйлесу құрылғылары, СРС-6 рельсті қосқыштары, РЭСФ-01/50 мыс рельсті түйіспелі қосқыштары бар.
Электроника өндірісі де — кәсіпорын қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Кәсіпорын дәлдіктің 5 класына дейінгі баспа платаларын шығарады, сондай-ақ беттік монтаждаудың толық циклін (SMD-монтаждау) орындайды.
Тапсырыстар портфелінің бір бөлігін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы алған. «ЗиК» АҚ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаумен қатар, өнімдер мен қызметтерді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының регламенттелген рәсімдері және тікелей коммерциялық тапсырыстар аясында ұсынады.
Зауыттың болашағы қандай?
Алдағы уақытта «ЗиК» АҚ өндірістік әлеуетін дамытып, жоғары технологиялық өнімдердің жаңа түрлерін игеруді жоспарлап отыр.
— Болашақта заманауи лифт жабдықтарын, балалар мен үй жануарларына арналған бақылау трекерлерін, сотталғандардың қозғалысын бақылауға арналған құрылғыларды, сондай-ақ таксофон аппараттарының жаңа үлгілерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Кәсіпорын қолданыстағы келісімшарттар бойынша бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс істейді. Қызметкерлердің жұмыс кестесінде өзгеріс жоқ және қолданыстағы шарттық міндеттемелер ешқандай кідіріссіз орындалып жатыр. Жалпы кәсіпорынның одан әрі даму бағыты жаңа өнімдерді игеруге және негізгі өндірістік міндеттерді орындауға бағдарланған, — деді кәсіпорынның бас директоры Алмас Нұрмағанбетов.
Бұған дейін СҚО-дағы зауыттарда кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналғанын жазған едік.