СҚО-дағы зауыттарда кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының машина жасау саласы жоғары әлеуетіне қарамастан бүгінде толық қуатында жұмыс істей алмай отыр.
Бұл туралы сала өкілдері облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі отырысында айтты.
Кәсіпкерлердің сөзінше, өңірдегі бірқатар кәсіпорында заманауи құрал-жабдық жеткілікті болғанымен, өндіріс орындары толық жүктемемен жұмыс істемейді. Бұған ірі тапсырыстарға қол жеткізудің қиындығы себеп болып отыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен басқа да жүйе құраушы кәсіпорындардың мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларына жергілікті зауыттардың қатысу мүмкіндігі шектеулі.
Мәселен, кезінде қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі болған Петропавл ауыр машина жасау зауыты аталды. Кезінде қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі болған зауыты бүгінде қайтадан саудаға шығарылды. 100% акциясының бастапқы бағасы 17,8 млрд теңге болып белгіленген.
— Бұрын ПАМЗ қала құраушы кәсіпорындардың бірі болды. Бүгінде зауыт сатылымға шығарылды. Оны тұтастай сатып алатын инвестордың табылуы екіталай. Кәсіпорынды цехтарға бөліп сатса, кәсіпкерлер қызығушылық танытып, оңайырақ сатылар ма еді, — дейді «ЗМО» ЖШС атқарушы директоры, машина жасау салалық кеңесінің төрайымы Елена Балярихина.
Оның айтуынша, екінші үлкен мәселе — кадр тапшылығы. Өңір кәсіпорындарына станоктарды бағдарламалық басқару операторлары мен реттеушілері, токарьлар, фрезерлеушілер, электр дәнекерлеушілер, слесарь-жинақтаушылар, инженер-конструкторлар және автоматтандыру бағытындағы IT мамандары қажет.
— Бүгінде кадр тапшылығы бүкіл өнеркәсіптің дамуын тежейтін факторға айналды. Тапсырыс пен қажетті құрал-жабдық болғанымен, станоктармен жұмыс істейтін маман болмағандықтан, техника бос тұрып қалатын жағдайлар кездеседі. Сонымен қатар білікті жұмысшылардың орташа жасы зейнеткерлік жасқа жақындап келеді, ал жастардың үлесі кәсіпорындарда шамамен 20-30% ғана. Жастарға тәжірибе беретін тәлімгерлік жүйесі де әлсіреп кетті, — дейді Елена Балярихина.
Сала өкілдерінің айтуынша, жұмысшы мамандармен қатар қарапайым қызметкерлерді де табу қиын. Мәселен, айына 120-180 мың теңге еңбекақыға аула сыпырушы немесе жұмысшы жалдау оңай емес.
Кәсіпкерлер мәселені шешу үшін бірнеше ұсыныс айтты. Олардың қатарында жергілікті зауыттардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысуына мүмкіндік беру, кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету және колледж түлектерін өндірістік ақылы практикадан өткен кәсіпорында кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеу туралы ұсыныстар бар.
Сондай-ақ сала өкілдері жұмыссыз және тұрақты жұмысы жоқ азаматтарды еңбекке тартудың тетіктерін күшейту мәселесін көтерді.
Бұған дейін СҚО-да кәсіпкерлер логистика шығынының көбейгеніне шағымданғанын жазған едік.