Петропавлдағы мұнай саласына қажет қондырғыларды шығаратын ірі зауыт сатылымға шығарылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Кезінде зымыранның ұшыру қондырғыларын шығарған Петропавл ауыр машина жасау зауыты аукционға шығарылды.
e-qazyna.kz порталында «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына тиесілі зауыттың бастапқы бағасы — 17 816 925 000 теңге деп көрсетілген.
1950 жылы құрылған кәсіпорында кезінде мыңдаған адам еңбек етті. Зымыраннан бастап, кейін тұрмыстық тауарлар, велосипедтерге дейін шығарды.
Зауыт қаланың дамуына да үлес қосып, стадиондар, мәдениет үйлерін, өз жұмысшыларына арнап баспаналар тұрғызды.
Бүгінде 75 мың шаршы метрді алып жатқан зауытта 500-ге жуық жұмыс орны болса, қазіргі уақытта соның жартысы ғана жұмыс істеп жатыр.
Петропавл ауыр машина жасау зауыты — Қазақстандағы мұнай-газ өндіру, мұнай-газ өңдеу, мұнай-химия, химия, газ, энергетика және басқа да өнеркәсіп салаларына арналған жабдық шығаратын ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі. 20 жылдан астам халықаралық стандарт бойынша жұмыс істеп келеді.
Кәсіпорынның мәліметінше, қазір олардың негізгі тапсырыс берушілері — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ, «Эмбімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «Бұрғылау жұмыстары және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС және басқалары.
Бұған дейін Қазақстанда машина жасау саласында өндіріс көлемі жеті айда 3,2 трлн теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22% өскенін жазған едік.