Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы әскери оркестрін Гиннес рекордсмені басқарады

әскер
Фото: кейіпкерден

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Музыкаға бейжай қарайтын адам әсте жоқ шығар. Бесік жырынан алғашқы тәрбие алып, қуанышын да, қайғысын да әнге қосатын халқымыз үшін оның орны ерек. Бұдан бөлек, қажет болғанда  музыканың рухты жанып, жігерлендіретін қасиеті де бары белгілі. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында ҚР Ұлттық ұланы академиясының әскери оркестрінің дирижері Азамат Бекеновты әңгімеге тартып, әскери қызметші-музыкант жұмысының ерекшелігін сұрап білген едік.

Азамат Бекенов әскери дирижерлер даярлауға мамандандырылған әлемдегі жалғыз жоғары оқу орны – әскери дирижерлер даярлайтын Мәскеу институтының түлегі. Қостанай облысының тумасы оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы академиясының әскери оркестріне дирижер болып орналасады, содан бері еңбек етіп жатқанына биыл жеті жыл толып отыр.

- Азамат, әскери оркестрге, жалпы музыкаға қалай келдіңіз?

- Анам мені музыкалық мектептің фортепиано сыныбына әкелді. Ол кезде музыкант боламын деген ой болған жоқ. Музыкадан бөлек спортпен айналыстым, өзіме спорт көбірек ұнайтын. Мектепті бітіргеннен кейін мамандық таңдау керек болды. Сол кезде музыкалық колледжге барамын деп шештім. Көрші пәтерде әскери дирижер тұратын, Константин Рафкатович Арсланов деген, сол кісі шақырып, өзі дәріс оқитын үрмелі аспаптар бөлімшесіне шақырды. Сол жерде валторна аспабымен таныстым. Кейін бірқатар республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер болдым.

Колледжден кейін Астанадағы музыкалық академияға оқуға түстім. Білім алып жүріп Орталық әскери оркестрде қызмет еттім. Бірде Мәскеудегі әскери дирижерлер даярлайтын институтқа қабылдау жүріп жатқанын естіп, бас әскери дирижер Асхат Мұхамедияровтан сұрап едім, ол екі орын қалғанын айтты. Осылайша оқу орнын бітіріп шықтым. 

әскер
Фото: кейіпкерден

- Гиннестің рекордтар кітабына қалай еніп жүрсіз?

- Мәскеуде оқып жүргенде Ресейдің мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестріне жаңа дирижер келіп, ерекше жобаны қолға алды. Яғни үрмелі аспаптар оркестрі бірнеше сағат бойы үзіліссіз ойнауы керек болды. Ал бұл өте қиын. Үрмелі аспаптарға арналған шығармалардан құралған бағдарлама дайындалып, оны біз 6 сағат бойы орындадық. Әр шығармадан кейін келесі нөмірді хабарлаған кезде 15 секунд демалып отырдық. 3 сағат ойнағаннан кейін 10 минутқа үзіліс жарияланып, кейін тағы 3 сағат тоқтаусыз ойнап шықтық. Қателеспесем мамыр айы болатын, далада Горький атындағы саябақта ойнадық, күн суық. Сол күні қайта-қайта он шақты рет жаңбыр жауып өтті. Біз күннің суықтығына, жаңбырға қарамастан ойнап шықтық. Осылайша ең ұзақ ойналған шығарма аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына ендік.

- Дирижердің міндеті не?

- Оркестр ұжымы үлкен, орташа, кішкентай болуы мүмкін. Дирижердің міндеті - басқарып қана қоймай, музыканттың бұзып ойнауына жол бермеу, шығарманың таза орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін, жақсы музыкалық түйсік болуы шарт. Репертуарды таңдайтын да дирижер. 

әскер
Фото: кейіпкерден

- Оркестрлер бірнешеге бөлінеді: халықтық, симфониялық, эстрадалық, джаз, тағысын тағылар. Әскери оркестрдің олардан айырмашылығы неде?

- Мұндай оркестрлерге тек кәсіби музыканттарды ғана алады. Музыканттар ант қабылдау рәсімінде, әскери парадтарда, митингілерде, әскери-саптық рәсімдерде өнер көрсетеді. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде оркестрдің атқарар маңызы зор. Ең басты міндеті – әскери-саптық рәсімді қамтамасыз ету. Ол әдетте далада жүзеге асады. Яғни күннің суықтығына, жауынға, ыстыққа қарамай ойнау. Әскери үрмелі оркестр концерттік бағдарламаларға да қатысады. Тағы бір ерекшелігі – қызметтік-саптық репертуарларды жатқа ойнайды.

Біздің оркестр кез келген шығарманы орындай алады. Бұл әскери-үрмелі және симфониялық оркестрлерге ғана тән.

Үрмелі аспапта ойнайтындардың көпшілігі әскери оркестрге келуге қорқады, өйткені талап қатал және далада -15 градуста да ойнау керек. Гобой, кларнет деген аспаптар бар, олар ағаштан жасалған, далада ойнауға болмайды. Бірақ соған қарамастан сыртқа шығып ойнаймыз. 

әскер
Фото: кейіпкерден

Үрмелі аспаптарда ойнайтындардың басым бөлігі созылмалы бронхитпен ауырады. Бұл аязда қалайы аспапқа үрлеудің салдары.

- Парадтарда өнер көрсетесіздер, мұндай іс-шара кейде бірер сағатқа созылады. Дайындық барысында шыдай алмай сарбаздардың құлағанын да көрдік. Ал музыканттарға мұндай жағдайда өнер көрсету тіпті оңай емес шығар?

- Мен өзім бірнеше рет парадтарға қатыстым: Астанада Жеңіс күніне, Конституция күніне орай өткен, Президенттің инаугурациясында, Мәскеуде өткен парадта өнер көрсеттім. Музыканттар үшін мұндай іс-шараларда өнер көрсету оңай емес. Біріншіден орындалатын шығармаларды жатқа және қайсынан кейін қай марш орындалатынын білуің керек, нотаға қарап ойнауға мүмкіндік жоқ. Ерін аппараты – амбюшур жаттыққан болуы керек, өйткені тоқтамастан ұзақ ойнаудан ерін аппараты шаршайды. Сондай-ақ физикалық тұрғыда жақсы дайындалған, шыныққан болуы тиіс, парадтарда әскери музыканттар соңына дейін тұрып, алаңнан соңғы болып кетеді. 

әскер
Фото: кейіпкерден

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар