Петропавлдағы мектепте үстіне төбенің сылағы құлаған балаларға диагноз қойылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Үстіне сылақ құлаған Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің үш оқушысы ертең ауруханадан шығарылуы мүмкін. Бүгін балаларды мамандар тексерді.

Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Александр Гассманның айтуынша, қазіргі уақытта балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Түнді жақсы өткізді. Денсаулықтарына қатысты шағымдары жоқ.
«4 желтоқсан күні сағат 18.28 минут кеткенде 12-13 жастағы үш бала жеткізілді. Олардың үстіне мектепте төбенің сылағы құлап кеткен екен. Бүгін травматолог пен облыстың штаттан тыс невропатологы қарап, тексерді. Бұған дейін қойылған «бас миы шайқалу» диагнозы расталмады. Екі баланың арқасы жарақаттанған. Үшінші бала басынан соққы алған», - дейді Александр Гассман.
Балалар бүгінгі күнді де ауруханада өткізбек. Өздерін жақсы сезінген жағдайда ертең үйлеріне барады. Оқуларын жалғасыруға қарсы көрсетілім жоқ.
Естеріңізге салайық, 4 желтоқсан күні Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте сабақ уақытында сыныптағы төбенің сылағы құлады. Салдарынан үш оқушыны ауруханаға түсті. Мектептің пайдалануға берілгеніне төрт жыл ғана болған.