Петропавлдағы музейде мүйізден жасалған ерекше орынтақ сақтаулы тұр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде шамамен 1,5 ғасырлық тарихы бар орынтақ сақталған.

Петропавлдағы музейде мүйізден жасалған ерекше орынтақ сақтаулы тұр
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы\Kazinform

Орынтақтың ерекшелігі — арқалығы да, шынтақтап отыратын таянышы да, тіпті аяқтары да ірі қара малдың мүйізінен қиюластырып жасалған. Үсті қызыл барқытпен қапталған. 

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Гүлжауһар Сәдуақасованың айтуынша, бұл орынтақ иесі Ідіріс Айдарбеков деген азамат. Ол 1849 жылы қазіргі М.Жұмабаев ауданы Майбалық ауылында дүниеге келген. Ідіріс — өз заманының атақты байы, Келтесор болысының болысы, ру басшысы болған. 1908 жылы 59 жасында Меккеге қажылыққа барған. Бұл туралы 2000 жылы «Ислам әлемі» баспасынан шыққан «Қазақстан қажылары» деген кітапта жазылған. 

— Ідіріс — өз заманының бетке ұстар азаматы. Ескіше де, жаңаша да оқып, білімді азамат болған. Ол туралы ел аузында өте қайырымды ел басшысы болған деп айтылады. Ідіріс қажы қайтыс болғаннан кейін орынтақ баласы Мәлік-Мәлғаждарға мұра болып қалады. Баласының аты Омбы архивіндегі ресми құжаттарда біресе Мәлік, енді бірде Мәлғаждар болып жүр. Тегі де Петропавл, Омбы архивінде Айдарбеков болса, Алматы архивінде Идирисов болып көрсетілген, — дейді Гүлжауһар Сәдуақасова.

Мәлік-Мәлғаждар да білімді болған. Музей қызметкерінің айтуынша, архив құжаттарында оның арабша, орысша жазғандары сақтаулы.

Петропавлдағы музейде мүйізден жасалған ерекше орынтақ сақтаулы тұр
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы\Kazinform

— Орыс тілін өте жетік біліп, сауатты жазған. Сталинге, Бүкіл Ресейлік атқару комитетінің президиумына жазған хаттары бар. Әкелі-балалы Айдарбековтер Алаш қайраткерлерінің бірі — Көлбай Төгісұлының Петропавлда «Үш жүз» газетін шығаруға қаржылай көмек көрсеткен, — дейді Гүлжауһар Сәдуақасова.

Жәдігерді музейге 1967 жылы Петропавл тұрғыны, орынтақ иесінің ұрпағы Венера Купкина әкеліп тапсырған екен. Бір жылдан кейін жиһазды музей суретшісі Василий Сальков қалпына келтіреді. 

Петропавлдағы музейде мүйізден жасалған ерекше орынтақ сақтаулы тұр
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы\Kazinform

— Қазақтар мүйізден түрлі заттар жасаған, ыдыстар, әшекейлер, құрал-саймандар, насыбай салатын шақшалар. Орынтақты жасауға қолданылған мүйіздер үлкен, сол себепті ол басқа жақтан, мысалы Үнді елінен әкелінуі мүмкін. Мұндай орынтақ еліміз бойынша басқа еш музейде кездеспейді. Көргендер таңданып жатады. Орталық музейлерге алу туралы «құда түскендер» де болды, — дейді музей қызметкері.

Бұған дейін Маңғыстау музейінде адам терісінен жасалған әмиян сақталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар