Петропавлдағы музейде Жылғара Байтоқиннің дворяндық грамотасының түпнұсқасы сақталған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік өңірде, тарихшылардың айтуынша, дворяндық атағын алған адам үшеу болса, соның бірі – Жылғара Байтоқин.

Еңбегі еленбей, тасада қалып, зерттелмей жүрген қайраткерлердің бірі – Жылғара Байтоқин. Ол - Солтүстік өңірде аға сұлтан болған, подполковник шеніне дейін көтеріліп, император І Николайдың қолынан дворян атағын алған қоғам қайраткері.

Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жылғара Байтоқиннің осыдан шамамен 170 жыл бұрын берілген дворяндық грамотасының түпнұсқасы сақталған. Музей қызметкері, өлкетанушы Дәстен Баймұқановтың айтуынша, 1852 жылы Жылғара Байтоқинге Ресей империясының әулетті дворян атағын тағайындау туралы І Николайдың грамотосы беріледі. Құжат өте жақсы сақталған. Грамотаның кей абзацтары алтынмен жазылған, бірнеше парақтан тұрады. Ол заманда мұндай жоғары сый әсіресе мұсылмандарға өте сирек және ерекше жетістіктері үшін ғана берілген.

1967 жылы оның ұрпағы отбасылық жәдігер – құнды құжатты, сондай-ақ, Жылғараға берілген І Александрдің «Ынта-жігері үшін» алтын медалін (бұл медаль білім беру жүйесіне, жетімдер мен көмекке мұқтаждарға қамқорлық жасағандарға беріледі), Георгий алтын медалін, мөр-сақинасын, қылышы мен күміспен күптелген екі белбеуін музейге әкеліп тапсырады.


- 1822 жылы Сперанскийдің «Сібір қазақтары туралы Уставы» шыққаннан соң, қазақ даласында елді басқару жүйесі өзгерді. Сол кезде ауылнай, болыс, аға сұлтандық деген атақтар пайда болды.
Сол кезде қазақ даласында өзінің байлығымен, атағымен танылған азаматтар ел басқару жүйесіне кірісті. Оның ақсүйектігіне, төре тұқымына жататындығына ешкім қараған жоқ. Солардың бірі - Жылғара Байтоқин.
Ол туралы ауыз әдебиетінде көп айтылған, ел арасында кеңінен тарап, аты аңызға айналған адам. Ел аузында Жылғараның батыр да, әнші де, ақын да тіпті айтыскер ақын да, шешен де болғандығы айтылады. Яғни Жылғара өз заманында беделді, білгір, бай, іскер, ірі қайраткер болған екен, - дейді Дәстен Баймұқанов.

Жылғара Байтоқин Көкшетау сыртқы округіне Ғұбайдолла Уәлиевпен аға сұлтандыққа таласады. Бірақ жолы болмай, тек екі жылдан кейін ғана мақсатына жетеді.
- Аға сұлтандық деген қазіргі облысты басқарумен бірдей. Жаңадан келген отаршылдық саясатта сол кезде ел басқарған азаматтардың арқасында біз осы күнге жетіп отырмыз.
Жылғара заседательдік қызмет атқара жүріп те, ел ішіндегі шешуі қиын күрделі мәселелерге араласты. Отаршылдық саясаттың талауына түскен елдің шашауын шығармай, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» елге қорған болып, халықты соңынан ерте білді.
Атақты атамыздың осы күнге дейін өз бағасын ала алмай келгендігі - қазақ тарихында жіберілген олқылық, - дейді өлкетанушы.

Музей қызметкерінің айтуынша, дворян атағын алғандарға пайдалануға жер беріледі, балалары да дворяндықтың игілігін пайдаланады. Кадет корпусында оқып, стипендия алады.
- Жылғара ағартушылық қызметпен де айналысты, бірнеше мектеп ашқан. Ауыл шаруашылығына жаңа техника, механизацияны, жаңа үлгідегі шаруашылық түрін енгізді.
Ғұбайдолла тұсында тілмаш болған татар жігітін осы жақта алып қалып, еңбегің деп, жер берген. Ол қазіргі Мамлют ауданы. Яғни Мәмлүтов дейтін татарға, тілмашқа берген. Бұл біздің облыстық архивте сақталған. Сондай-ақ жаңағы тілмашты жыл сайын қазақтың елу баласын оқуға міндеттеп, мектеп салып берген. Мәмлүтов көп жыл бойы оны орындап келді, - дейді Дәстен Баймұқанов.

Өлкетанушының айтуынша, Жылғараның інісі Шопанның да дәрежесі одан кем болмаған, Шопан Думаға заседательдікке сайланады. Жылғараның балалары Мұса аға сұлтан, штапс-капитан болды, Әлібек батыр атанып, әйгілі Ақан серінің сенімді серігі болған.
Естеріңізге салайық, бұған дейін шалғайда жатқан ауылдардағы музейлердің бүгінгі жай-күйі туралы жазған едік.
Сондай-ақ, биылдан бастап музейге кіру қайтадан ақылы болды.



