Петропавлдағы скейт алаңдары бұзылып, балаларға қауіпті орынға айналған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы скейт алаңдарына күрделі жөндеу қажет.

Қалада бір емес, екі скейт алаңы бар, алайда оның екеуі де бүгінде жарамсыз күйге түскен.

Тұрғындардың айтуынша, Мещан орманында орналасқан нысан қыстан бұзылып шыққан, қазір ол жерге балаларын ойнауға жіберуге қорқады. Кей жабдықтардың темір қаңқасы әр жерден шошайып тұр.
Екіншісі Петропавлдағы «Динамо» стадионының жанында орналасқан. Экстремалды спортпен айналысуға арналған алаңдағы жабдықтар тозған. Ал скейт-боулдарда жаз бойы тұрған су бүгінде иістеніп кеткен.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, скейт-парк құрылысы барысында құрылыс нормалары мен стандарттар бұзылмаған. Яғни жұмыс техникалық талапқа сай, сметалық құжаттамаға сәйкес орындалған.

Десек те, техникалық тапсырмада дренаж жүйесі қарастырылмаған екен.

- Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Шатр Групп» ЖШС бір көзден сатып алу арқылы жасалған мемлекеттік сатып алу шарты негізінде орындады. Қабылдау сәтінде көзге көрінетін ақаулар немесе техникалық кемшіліктер болған жоқ.
Қазіргі уақытта нысанның конструктивті элементтеріне, дренаж жүйесін орнатуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ скейт-парктің техникалық жай-күйіне қосымша тексеру жүргізу жоспарланған, - деп жауап берді бөлім басшысының міндетін орындаушы Асхат Кенжеболатов.

Бұған дейін Петропавлда халықаралық талаптарға сай мұз аренасы салынып жатқанын жазған едік.
