Петропавлдағы спорт мектеп-интернатында 7-сынып оқушысына буллинг жасалып келген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернатында жоғары сынып оқушылары 7-сынып оқушысына әлімжеттік жасап келген.

буллингтен қалай қорғауға болады
Фото: depositphotos.com

Бұл туралы әлеуметтік желіде баланың анасы жазды. 

Әйелдің айтуынша, баласы Петропавлдағы облыстық спорт мектеп-интернатында оқиды. 

- Балам спортты жақсы көреді, 4 жасынан бастап айналысып жүр. Осы оқу орны арқылы биік белестерді бағындырмақшы еді. 

Екі апта бұрын баламның мінезінің өзгергенін байқадым. Бұрын жиі бейнебайланысқа шығып, бізбен сөйлесуді жақсы көретін, соңғы уақытта бізбен осылайша хабарласуды тоқтатты. Үйге әкетуімізді сұрады. Бұған мен таң қалдым. Осыдан кейін баламыздың буллингке ұшырағанын білдік, - дейді Маржан.

буллинг
Фото: Әлеуметтік желіден

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы осы оқиғаға қатысты түсінік берді. 

- Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернаты еркін күрес бөлімінің 7 «Б» сынып оқушысының анасы Маржан Тажимуратовадан оның ұлына 8-сынып оқушылары тарапынан буллинг жасалып, дене жарақаттары келтірілгені туралы шағым түсті.

Бұл шағым бойынша қызметтік тексеріс ұйымдастырылды. Тексеру аясында: жаттықтырушы-оқытушылар құрамынан, тәрбиешілерден, психологтан және оқиғаға қатысушылардан түсініктемелер алынды, ықтимал куәгерлер сұралды, дене жарақаттарын растайтын медициналық құжаттар сұратылды, құқық қорғау органдары мен СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына хабар берілді, - делінген жауапта.

Ведомство қазіргі таңда жағдайға қатысы бар барлық тараптардың — құқық қорғау органдары, психолог, әлеуметтік педагог және ата-аналардың қатысуымен бірлескен тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Мамандардың айтуынша, тергеу нәтижесі бойынша заңды әрі негізделген шешім қабылданатын болады.

Бұған дейін Таразда оқушының анасына баласының буллинг әрекеті үшін айыппұл салынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар