Петропавлдағы ЖЭО-2 ақау шығып, мамандар жүйені қалыпқа келтіріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы 2-Жылыту-электр орталығындағы су жүйесіне зақым келді.

ЖЭО
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 6.32-де болған. Ақау деаэратор ауданында қоректендіру су жүйесінде шығып, станцияның негізгі жабдығын ажырататын автоматика штаттық режимде іске қосылды. 

- Біздің мамандар зақымдануды тез арада тоқтатып, қазіргі уақытта жүйені қалпына келтіруге күш салып жатыр. 

Жылуды тасымалдау циркуляциясына, өзіндік қажеттіліктерге жалпы зақым келген жоқ, сондықтан қаланы жылумен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ жылу беру параметрлерінің қысқа мерзімді шамалы ауытқуы болуы мүмкін. Станцияның жұмысы сағат 17:00-ге дейін қалпына келтіріледі, - делінген баспасөз хабарламасында. 

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары Петропавл ЖЭО-2-де 6 қазандық агрегат пен 2 турбоагрегатқа күрделі, 7 қазандық агрегат пен 6 турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жүргізілді, қосалқы жабдық жөнделді. Бұдан бөлек № 1 түтін мұржасы оқпанының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 40 Гкал астам жылу қуатын беру үшін №1 турбоагрегатты қайта жаңартылып жатыр.

Бұған дейін мамандар Петропавл ЖЭО-2-нің ресурсы екі-үш жылға жететіндігін айтқан еді.

Сондай-ақ Петропавлда опырылған мұржаның орнына салынған жаңасы келер жылыту маусымында ғана іске қосылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар