Петропавлдағы ЖЭО-2-нің жаңа түтін мұржасы биыл іске қосылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындыққа 44 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржының 33 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, жөндеу науқаны кестеге сай жүріп жатыр. «Севказэнерго» АҚ жөндеу жұмыстарына биыл 27 млрд теңге жұмсайды. Соның ішінде Петропавл ЖЭО-2-де қазан агрегаты мен турбоагрегат қалпына келтіріледі, 3 қазан мен 2 турбоагрегат күрделі жөнделеді, 8 қазан агрегаты мен 4 турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, түтін мұржасының құрылысын аяқталады.

«Петропавл жылу желілері» жөндеу жұмысына 1,5 млрд теңге бөлді. Бұл қаражатқа 6,37 км жылу желілерін жөндеу, 0,9 км жаңарту, 4 км жылу оқшаулауышын қалпына келтіру жоспарланған. Облыстың электр желілік кәсіпорындары суық түскенше 1,5 км электр беру желілерін және 221 қосалқы станцияны жөндеп, 201 км желіні қайта құрмақ.
Аудандарда жылыту маусымы басталғанға дейін 484 қазандықты, 636 білім беру нысанын, 364 денсаулық сақтау, 162 мәдениет нысанын және 1,5 мың көпқабатты үйді дайындау міндеті тұр. Сондай-ақ 11 жаңа қазандық сатып алынып, 6,3 км жылу желілері жөнделеді.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы үш айда облыс әкімдері атқаруы тиіс бірқатар міндеттерді атап өткен еді, оның ішінде жылыту маусымына дайындық – соның негізгісі.