Петропавлдағы жолаушы тасымалына қосымша субсидия берілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жолаушы тасымалдаушылардың шығынын жабу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Тілші сауалына қалалық әкімдік өкілдері жауап беріп, мәселенің шешімін тауып жатқанын жеткізді.

«Биыл жолаушы тасымалдаушыларға 2,7 млрд теңге субсидия бөлінді. Олардың қосымша жаңа автобустар – 31 қоғамдық көлік алуына байланысты шығындары артты. Бюджеттік комиссия бөлінетін субидия мөлшерін қайта қарастырды. Қосымша қаржы бөлу туралы шешімге сәйкес енді 363 млн теңге қаржы бөлінгелі отыр. Оның 300 млн теңгесі – жолаушы тасымалдаушыларды субсидиялауға, қалған 63 млн теңгесі – қоғамдық көлікте тегін жүруге жеңілдігі бар азаматтар үшін берілді», - деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Петропавлда 12 санат бойынша 5,5 мың адам қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие. Олардың ішінде 1-2 топ мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі балалар, майдангерлер, көп балалы аналар және олардың балалары бар.
«Солтүстік Қазақстан облысының Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы Галина Семенованың айтуынша, қосымша бөлінген 363 млн теңге жылды шығынсыз аяқтауға жеткіліксіз.
«Ақша бөлінгендігін білеміз. Бұл біздің қараша айына дейінгі қарызымызды жауып, шығындарымызды өтеді. Жылды аяқтау үшін әлі де 200 млн теңгеге жуық ақша керек», - дейді қауымдастық төрағасы.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Петропавлда қоғамдық көлік саны екі есе қысқаруы мүмкін екенін айтқан едік. Жолаушы тасымалдаушылар жергілікті бюджеттен толық қаржыландырылмағандықтан жанар-жағармайды қарызға алуға мәжбүр болған.