Петропавлдағы әскери институтты 155 түлек бітіріп шықты (ФОТО)

«Ұлттық ұланның кезекті 16-шы және 4-ші түлектері жоғары әскери оқу орнын тәмамдағаны туралы диплом алды. 155 қазақстандық түлекпен бірге Қырғыз Республикасының 9 өкілі және Тәжікстаннан келген 6 азамат та дипломға ие болды», - деп хабарлады институттың баспасөз қызметінен.
Биылғы жылы әскери институт шет мемлекеттерді қосқанда, ҚР бөлімдеріне 170 офицер жіберген. 155 қазақстандықтың ішінде 14 түлек ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде қызметтерін жалғастыратын болады.
7 курсант институтты үздік бітірді. 3 түлек: Әйіп Мұрагер Оралұлы, Қайыргелдин Бахтияр Қанатұлы мен Нажаров Жантас Қанатұлына «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» белгісі табысталды. Енді олардың есімдері әскери институттың құрмет тақтасында ілініп тұратын болады.
12 жыл ішінде әскери институт 16 рет түлек ұшырған. 2900 офицердің 246-сы үздік диплом алса, 44 түлек «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен марапатталған.