Петропавлдағы еске алу тақтасында 6800 солтүстікқазақстандық репрессия құрбанының есімі жазылған
Облыс орталығындағы еске алу тақтасы екі жыл бұрын ашылған. Осы күні оның гранитті тақталарында 6800 солтүстікқазақстандықтың есімі ойылып жазылған. 37-38 жылдары тек Қазақстанның өзінде 100 мыңнан астам адам «Отанын сатқандар» деп айыпталып, жазаланды. 25 мыңға жуық адам атылып кете барды. Қаза болғандардың арасында 1465 адам - біздің жерлестеріміз. Монументке бірінші болып облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан гүл шоғы қойылды.
Зинаида Чернова-Беретина Түменнен Петропавлға репрессияға ұшыраған туғандарын еске алу үшін келген. Гранит тақталарының бірінде 39 жылы атылған атасы Иван Берестиннің де есімі бар екенін жақында ғана білген. Оған Зинаида Борисовнаның сыныптасы Молдыбек Сәрсенбаев көмектескен.
«Тоталитарлық режімнен әкесі де зардап шеккен. Борис Иванович өмірден өтсе де, ақталмаған. Уақыт өте келе әкеміз ақталады деп үміттенеміз», - деді Зинаида Чернова-Берестина.
Бұл күні еске алу тақтасына қойылған гүл шоғы көп. Қанша жыл өтсе де, 30 жылдардың қасіреті әлі естен өшпегендей.