Петропавлдағы мұржасы қираған жылу орталығының қысқа дайындығы қандай

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ҚР Энергетика министрлігінен комиссия келіп, жылу электр орталығының қысқа дайындығын көрді. Өңірде 20 қыркүйек жылыту маусымы басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері Петропавлға ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов және Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов келіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 2 жылу электр орталығында болды.

Маңызды нысанның жылыту маусымына әзірлігін және жылу орталығын қалпына келтіру бойынша жол картасын жүзеге асыру жұмыстарын көрді.

Жоспар бойынша, суық түскенге дейін 12 қазандықтың 11-і және 2 түтін мұржасы дайын болмақ. Қазіргі уақытта бірінші кезекте № 1, № 3-№ 7, № 12 қазандық агрегаттарын екінші түтін мұржасына қосу жұмыстары атқарылып жатыр.

«Жылу-электр орталығында қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы атқарылып жатыр. Жоспарлағанымыздың барлығы кестеге сай келе жатыр. -25 градусқа дейін аязда 9 қазандық жұмыс істесе жеткілікті, ал екеуі резервте болады. Егер ауа райы – 25 градус сынап бағанасынан төмендесе 10 қазандық іске қосылып, біреуі резервте болады», - дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Перфилов.

Күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар нысанда көктемде жартылай опырылып құлаған бірінші түтін мұржасын бұзу жұмыстары да жалғасқан. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта құрылымның 52 метрі қалды. Ол 30-ға жеткенде қолмен бөлшектеу тоқтатылып, іске техника тартылады. Нәтижесінде мұржаны екі аптада толық бұзу мүмкін болмақ.

Ал ЖЭО екінші және үшінші түтін мұржаларын эксперттік ұйымдар толық зерттеп шықты. Мамандардың барлық ұсынымдары орындалып, олқылықтар жойылды.

Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, СҚО-да 20 қыркүйекте жылыту маусымы басталмақ.


Соңғы жаңалықтар