Петропавлдағы стадион 1,3 млрд теңгеге УЕФА стандарттарына сәйкес жөнделіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА стандарттарына сәйкес жарақтандырылады. Жаңғыртуға 1,3 млрд теңге бөлінді. Жұмыс барысын итальяндық мамандар бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы баспасөз қызметі

СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА стандарттарына сай болуы үшін спорт нысанының қауіпсіздік жүйесі ауыстырылады, футболшыларға қыс түскенше осы жерде жаттығуға жағдай жасалып, алаң жылытылатын болады. Киім ауыстыратын бөлме де талапқа сай өзгертіледі. Мердігер компания құрылыс материалдарын Германия мен Италиядан тапсырыспен жеткізіп жатыр.


Мердігер компанияның басшысы Әсет Меңдібаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмысқа 6 техника мен 20 маман жұмылдырылған.

«Бұл жерде жылу желісі жаңартылып, сыртқы жарықтандыру жүйесін ретке келтіріледі. Спорт кешенін жарықтандыруға 40 метрлік 4 бағана қойылады. Бұған дейінгілері небәрі 22 метр болған. Сондай-ақ, 26 млн теңгеге үлкен табло мен 10 млн теңгеге дыбыс құрылғысы сатып алынады. Ал жұмыстың УЕФА стандарттарына сай іске асырылуын итальяндық «Scarabelli Irrigation Systems» компаниясының өкілдері қадағалайды», - дейді Әсет Меңдібаев.


Мердігер компания жұмысты осы жылдың күзіне дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

«Біздің басты мақсатымыз - стадионның УЕФА стандарттарына сәйкес болуын қадағалау. Біз бұл жерде жұмыс істеп жатқан мамандармен кездесіп, өз тәжірибемізбен бөлісіп, ақыл-кеңестерімізді айтып жатырмыз. Өзара тығыз ынтымақтастық Қазақстанда футболдың дамуына үлкен сеп болады деген үміттемін. Жұмыс аяқталған соң бұл стадионды қабылдаймыз», - дейді «Scarabelli Irrigation Systems» компаниясының өкіл Джанни Форабоски.


Соңғы жаңалықтар