09:11, 18 Қараша 2022 | GMT +5
Петропавлдағы жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккен 9 адамның жағдайы туралы айтты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Дәрігерлер Петропавлдағы техникалық қызмет көрсету стансасында болған жарылыстан жарақаттанған 9 адамның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавлда 17 қараша күні көлік жөндеу стансаларының бірінде жарылыс болып, арты өртке ұласты. Алдын ала болжам бойынша, стансадағы көліктердің бірінде тұрған газ қондырғысы жарылған. Салдарынан 9 адам жарақат алды.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің бесеуі ауруханаға жатқызылды, үшеуіне алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем алуға үйіне жіберілді, біреуі ауруханаға жатуға бас тартқан.
«Жарақаттанғандардың барлығы ер адам. Жастары 50 мен 24 аралығында. Төрт адам жарақат бөлімшесіне жатқызылды. Олардың беті, екі қолы, иығы, енді бірінің аяғы мен белін күйік шалған. 50 астағы ер адам жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне орналастырылды. 46, 30 және 26 жастағы үш сырқат үйіне емделуге жіберілді. Бұл адамдарда да жарақат ұқсас, беттері мен қолдары күйіп қалған. Ал 33 жастағы ер адамның беті-қолынан бөлек құлақтарын да күйік шалған, алайда ол ауруханаға жатып емделуден бас тартты», - деді баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.