Петропавлдан еліміздің оңтүстігіне, Ресей мен Мысырға әуе рейстері ашылмақ
Шілде айында Петропавл халықаралық әуежайы саудаға шығарылып, «Қызылжар» халықаралық әуежайы» ЖШС-не 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл мерзімнен кейін инвестор оны толық сатып ала алады.
Әуежайдың жаңа директоры Уәлихан Жылысбаевтың айтуынша, өзгерістер болады, бірақ оған уақыт керек.
«Біздің міндетіміз – авиациялық қауіпсіздікті, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуежайды күтіп ұстау және пайдалану. Мүлікті бағалау құны бойынша 2,8 млрд теңге төледік. Талап бойынша дамытуға тағы 1,2 млрд теңге жұмсауымыз қажет. Жақын арада жанар-жағар май кешенін жөндеп, жаңартамыз. Осыдан кейін ұшақтар бұл жерге тоқтап, жанар май құятын болады. Әуежайдың орналасқан жері географиялық тұрғыдан өте қолайлы. Түнгі рейстер жұмыс істеуі үшін болашақта жүк ұшақтарын қабылдамақпыз», - деді ол.
Қазір Петропавл әуежайында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Штат әлі де ұлғайтылмақ. Жаңа басқарушының айтуынша, болашақта Шымкент пен Түркістанға, Ресейдің Түмен мен Санкт-Петербор қалаларына, Мысырдың Шарм-әл-Шейхіне рейстер ұшпақ. Бүгінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына ғана бағыттар бар.
«Азаматтық авиация комитетіне біз Шымкент пен Түркістанға әуе компанияларының рейстерін ашу туралы өтінім бердік, алайда конкурс өтпеді. Келесі жылы субсидияланған рейстер болады деп ойлаймын. Әрине, тариф төмен болуы тиіс, бұл – халық үшін маңызды. Ресейлік әуе компанияларымен де келісім бар. Осы жылы санкцияларға байланысты ойымыз жүзеге аспады. Петропавлдан Мысырға ұшу мәселесі көптен көкейде жүр. Жанар-жағар май кешені жұмыс істеген жағдайда әуе кемелерін биыл-ақ жіберер едік. Кешен жөнделіп, іске қосылысымен шетелге рейстер ашылады, қазірдің өзінде келісім бар. Қазіргі уақытта қысқа мерзімге арналған даму жоспарын жасап жатырмыз», - деді Уәлихан Жылысбаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазір елдің азаматтық авиация саласында 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Саланың дамуына байланысты 2025 жылға қарай қызметкерлерге деген сұраныс саны жыл сайын 500-600 адам болуы мүмкін.