Петропавлдан Мысыр еліне тікелей әуе рейсі ашылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – 2 шілдеден бастап Петропавлдан Шарм-эш-Шейх қаласына тікелей халықаралық әуе рейсі қайта жанданады.

Бұл туралы өңірдегі туристік агенттіктер хабарлады.
Бұл бағыт бойынша рейстерді әуе компаниясы Boeing 737 max9 ұшағымен орындайды. Ұшақ 213 жолаушыға есептелген. Ұшу уақыты – шамамен 6 сағат 30 минут болмақ.
Осылайша жазғы демалысын Қызыл теңіз жағалауында өткізгісі келетін тұрғындар үшін бұл өте тиімді болмақ. Өйткені бұған дейін өңір халқы шетелге демалысқа негізінен Астана арқылы ғана ұшатын. Тур бағасы мен нақты мәліметтерді туроператорлардан нақтылауға болады.
Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 1 шілдеден бастап «Алматы – Петропавл - Алматы» әуе рейсі коммерциялық негізге көшіріледі. Бұған дейін бұл бағыт бойынша рейстерге бес ай – ақпаннан маусымға дейін субсидия бөлінген еді.
- Әуе бағыттарын субсидиялау қағидаларының 16-тармағына сәйкес, егер 6 ай бойы әуе рейстерінің орташа айлық жүктемесі әуе кемесінің коммерциялық өткізу қабілетінің 80% және бағыт шығынсыз болса, ол субсидиясыз, яғни коммерциялық негізге ауыстырылады. Бұл талаптарға «Алматы – Петропавл – Алматы» бағыты толық сәйкес келеді – рейстердің жүктемесі 80%-дан жоғары.
Жолаушылар үшін билеттердің бағасы шамамен 27 000–50 000 теңге аралығында болмақ. Бұл баға әуе компаниясының ішкі тарифтік саясатына сәйкес реттеледі. Толық ақпаратты тікелей әуе компаниясының ресми арналарынан білуге болады, - деп жауап берді басқармадағылар.
Өңір басшылығы осы бағытты әрі қарай субсидиялауды жалғастыру мәселесін қарастыру үшін Көлік министрлігіне тиісті сұраныс жолдаған.
Қазіргі уақытта Qyzyljar халықаралық әуежайы арқылы Астанаға, Алматыға және Шымкентке әуе рейстері бар. Петропавлдан Алматыға ұшу - 30 мың теңге, Астанаға - 18 мың теңге және Шымкентке ұшу бағасы 28 мың теңге тұрады.
Бұған дейін Астана-Самарқанд бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылғанын жазған едік.