Петропавлдық оқушы балалардың ой-өрісін дамытатын математикалық ойын жасап шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы бастауыш сынып балаларына арналған компьютерлік ойын құрастырды. 

Петропавлдық оқушы балалардың ой-өрісін дамытатын математикалық ойын жасап шықты
Фото: СҚО білім басқармасы

Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сабақта қосымша құрал ретінде пайдалануға болатын ойын «Ойлан, тап» деп аталады.

Авторы Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы — Әлихан Ақылбай. 

— Ойын барысында балалар өз сыныбына орай математикалық амалдарды таңдап, есептер шығарады. Егер жауап дұрыс болса, «Жарайсың!» деген мотивациялық жазу шығады. Тек дұрыс жауап бергенде ғана келесі деңгейге өтуге мүмкіндік бар, - дейді жас өнертапқыш.

СҚО білім басқармасы
Фото: СҚО білім басқармасы

Әлихан бұл жобаны бастапқыда информатика сабағында бастап, кейін математика пәніне бейімдеген екен. 

— Цифрландыру дәуірінде балалардың да инновациялық жобаларға атсалысуы таңғаларлық жағдай емес. Бұл ойында Әлихан геймификация элементтерін қолданды. Жоба балалардың логикалық ойлау қабілеті мен математикалық білімін арттыруға негізделген, - дейді информатика пәні мұғалімі Меруерт Бексұлтанова. 

Қазір Әлиханның жобасы бастауыш сынып оқушыларының математикалық қабілеттерін дамытуда қолданылып келеді. Ұстаздардың айтуынша, енді балалар күрделі есептерді үйреншікті әдіспен емес, танымал мультфильм кейіпкерлері бар қызықты ойын арқылы шешеді. Бұл тәсіл оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, материалды тез әрі жеңіл қабылдауға көмектеседі. 

Бұған дейін таза су мәселесін шешу жолын ұсынған Петропавлдағы мектеп оқушысы Әлихан Жаров туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар