Петропавлдық шебер киіз бен жібекті үйлестіріп ұлттық бұйымдар жасайды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл тұрғыны Айжан Дайырова киіз басып, ұлттық құндылығымызды насихаттап жүр.

Фелтмейкердің бұл өнерде өзіндік қолтаңбасы бар, ол киіз сияқты тұрпайы материал мен жібек сияқты жұқа, қымбат матаны үйлестіріп, заманауи дизайндағы киімдер мен түрлі аксессуарлар жасайды. Сондай-ақ ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан өнерін балаларға да үйретіп келеді. Kazinform тілшісі шеберді әңгімеге тартқан еді.
- Айжан Бауыржанқызы, киіз басуды қашан бастадыңыз, оған не себеп болды?

- Киіз басумен 17 жыл бұрын айналыса бастадым. Бастапқыда бұл жай ермек болды. Ең алғашқы киізден жасаған бұйымым - берет. Көргендер қызығып, мақтап, маған шабыт берді. Киіз басу өнерін мен өз бетімше біртіндеп үйрендім. Қазір уақыт өте келе ол менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ата кәсіп болғандықтан мұның бәрі біздің генетикалық жадымызда сақтаулы. Ауылда тұрғанда да қойдың қалай қырқылатынын, жүнін түтуді, бояу әдістерін көргенмін. Өзім шығармашылыққа бұрыннан жақынмын. Сурет саламын, киім тігемін, сондықтан бұл өнерді де меңгеру аса қиын болмады. Киіз басу өнері – біздің баға жетпес мұрамыз. Көшпенді ата-балаларымыз киізбен үйін қаптады, төсек етті, қабырғасына ілді, киім жасап киді. Нағыз табиғи шикізат қолданылғандықтан пайдалы.
- Киізден қандай бұйымдар жасайсыз?

- Көбіне киім-кешек, түрлі аксессуарлар, интерьер бұйымдарын, соның ішінде картиналар жасаймын. Жалпы, киізден жасауға болатын нәрсенің шегі жоқ, ең бастысы – шығармашылық пен шеберлік. Киізбен жұмыс істегенде түрлі техникаларды қолданамын. Соның бірі бұйымды сабынды су арқылы жасау болса, енді бірі арнайы ине арқылы жүнді құрғақтай қолдану. Тегіс бұйымдар мен кілемдер үшін дымқыл киіз, ал әшекейлер үшін аралас киіз қолданылады. Бұйым әдемі шығуы үшін түстерді таңдап, үйлестіре білу де маңызды. Күлгін-сары-жасыл-көк сияқты нәзік түстер киімге әдемі рең беріп тұрады. Сол себепті, көбіне осы түстерге басымдық беремін. Жалпы қазіргі таңда киіз басу техникасы жаңа әдістермен толықтырылып, заманауи бағытта дамып келеді.
- Киізден жасалатын бұйымдарға қойылатын талаптар бар ма?
- Ең бастысы – шикізат сапалы болуы тиіс. Жоғары сапалы материалдарды таңдауға тырысамын, себебі бұйымның беріктігі мен әдемілігі соған байланысты. Жүнді мен тапсырыспен аламын. Бұйым жақсы шығуы үшін технологияны сақтау керек. Тағы бір ерекшелігі - киізден жасалған бұйымдар күтімді қажет етеді, оларды кір жуатын машинаға салып жуа алмайсың, тазалау әдістері бар.
- Киіз басуды балаларға да үйретіп жүр екенсіз...

- Ия. Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде киіз басудан қосымша сабақ бар. Оқушылардың қызығушылығы жоғары, ұл балалар да білек сыбана іске кіріседі. Әр бала оны меңгерсе, өзі үшін де өте пайдалы. Өйткені композиция құруды, түрлі түстерді үйлестіру заңдылықтарын меңгереді. «Киіз басу» пәні білім ордасында 2015 жылдан бастап тек үйірме ретінде жұмыс істеген. Ал алты жыл бұрын арнайы сабақ ретінде оқу бағдарламасына енгізілді. Негізінен тек картиналар жасаумен айналысамыз.
- Бірер күн бұрын сіздің қолыңыздан шыққан бұйымдар көпшілік назарына ұсынылып, көрме өтті. Бұл қандай жоба?

- Қазақ киімі тек әдемі ғана емес, заманауи сән әлеміне де сай болуы керек деген оймен «Қырмызы Models» модельдік тобы бір жыл бұрын Петропавлда құрылды. Топтың басты мақсаты – дәстүрлі қазақ киімін жаңаша үлгіде таныстыру. Менің көрмем осы жоба аясында өтті. Көрермен назарына костюмдер мен картиналар коллекциясын ұсындық. Жүн мен жібекті біріктіре отырып, әдемі әрі ыңғайлы бұйымдар дайындадым. Мен үшін ең бастысы – тек сәнді заттар жасау емес, олар арқылы ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті жеткізу. Астанада өткен Көшпенділер ойынына да жасаған бұйымдарымды алып бардым. Шетелдіктер қызығып алды. Киізден жасалған бұйымдарды ұлттық брендке айналдыру – мақсатым.
Айта кетейік, Астанада 300 жас музыкант әйгілі күйлерді орындады.