Петропавлдың 23 тұрғыны маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда жыл басынан спирттік ішімдік ішудің салдарынан 53 қылмыс жасалған. Соның 12-сінде денсаулыққа ауыр зиян келтірілген. Алкогольді тұтыну көп жағдайда отбасылық-тұрмыстық жанжалмен аяқталады. Ал маскүнемнен көп жағдайда туған-туыстары зардап шегеді.
Петропавлдың 59 жастағы тұрғыны оның 35-тегі ұлын мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен емдесін деп бірнеше рет өтініш жазған. Ер адам соңғы 10 жылдан бері маскүнем ретінде есепте тұр. Еш жерде жұмыс істемейді, автобустардың бірінде кондуктор болып істейтін анасының еңбекақысына күн көреді. Арақ-шарап ішкен күні жанжал шығарып, әйелдің мазасын алады. Ал ол есін жиып, түзелемін деп уәде берісімен-ақ анасы берген арызын қайтарады.
Соңғы рет арызбен келгенде учаскелік полицейлер әйелді баласын мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен емделуге жіберуге рұқсат беруге көндірді. Полиция капитаны Асылтас Жанабеков қажетті құжаттарды жинап, ер адамға медициналық комиссиядан өтуге көмектесті. Наурыз айының соңында ол наркологиялық орталыққа ем алуға жатқызылды.
«Жыл басынан Петропавлдың учаскелік полиция инспекторлары 23 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберді. Маскүнемдер ешқашан өздігінен арақты қоймайды. Бұл үлкен мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Тек емдеу арқылы ғана маскүнемдікпен күресуге болады. Қаңтар айында Петропавлда 9 адам тәуір болуына байланысты есептен алынды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.