Петропавлға күкіртсутек иісі тарамас үшін не істеу керек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы экологиялық мәселелердің бірі — ауаның күкіртсутегімен ластануы. Бұл иістің негізгі көзі — қаланың ағынды суы жиналған «Биотоған».

а
Фото: видеодан скрин

Қаланың кәріздік тазарту құрылыстарына (КОС) келіп құйылатын сарқынды су осы «Биотоғанда» жинақталады. Ол қазір «Қызылжар су» ЖШС-нің балансында тұр. 

Күкіртсутек — органикалық заттар шіріген кезде түзілетін улы газ. Көктем мен жазда қолқаны қабатын осы жаман иіс Петропавлға тарап, тұрғындарға жайсыздық тудырып келеді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform тілшісінің осы мәселеге қатысты сұрауына жауап берді. 

— Петропавлға күкіртсутектің таралуының бірнеше себебі бар, олар — кәріздік тазарту құрылыстарына келіп құйылатын ағынды судың биологиялық тазартудан өтпеуі, көктемде тоған бетіндегі мұздың еруі, тоған түбіне жиналған тұнбалардың табиғи шіру процесі, булану деңгейінің артуы және жел бағытының қалаға қарай ауысуы. Тоғаннан шығатын күкіртсутек бойынша нормативтер белгіленбеген, себебі осындай тоғандардан шығатын ластаушы заттардың шығарындысына қатысты нормативтік-құқықтық актілер мен әдістемелік ұсынымдар жоқ. 2005 жылдан бері «Қызылжар су» ЖШС КОС-ты технологиялық қайта жарақтандыру үстінде, — делінген ресми жауапта. 

Ведомствоның мәліметінше, Петропавлдағы КОС-ты жаңғыртудың төртінші кезеңі 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді.

а
Фото: видеодан скрин

Жобалық-сметалық құжат жобасына түзету енгізіліп, жұмыс мерзімі ұзарды. Реконструкция аяқталмаған. 

— 2017 жылғы тамыздан бастап КОС-қа келіп түсетін ағынды судағы қатты бөлшектерді жоюға бағытталған механикалық тазарту пайдалануға берілді. Бұл келесі кезең — табиғи биологиялық тазартуға дайындық процесі. Механикалық және биологиялық толық тазарту іске қосылғаннан кейін күкіртсутек иісінің қалаға таралу қаупі айтарлықтай төмендейді. 2021 жылғы тамыздан бастап «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС биотоғанды жасыл хлорелла микробалдырларының көмегімен биологиялық қалпына келтіру жұмысын бастады. Қазіргі таңда хлорелла суспензиясын өндіру технологиясы мен оны өсіруге арналған жабдық «Қызылжар су» ЖШС-не берілген және хлорелланы «Биотоған» жинақтаушы тоғанына енгізу жұмыстары жалғасып келеді, — дейді министрлік өкілдері.

Ведомство мәліметінше, СҚО экология департаменті жергілікті атқарушы органдарға бұл экологиялық мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажеттілігі және оны жоспарға енгізу бойынша хат жолдаған.

Сонымен қатар, тоғанды тазарту жұмыстары бойынша да ұсыныстар жіберілген.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі СҚО-дағы пайдаланылған уран кеніштерінен зиян жоқ екендігін айтқан еді.  

Соңғы жаңалықтар