Пирамидалар елі ғажайыптарға толы Қазақстанмен танысуда
АСТАНА. ҚазАқпарат -Мысырлық белгілі басылымдар мен ресурстар араб туристері үшін біздің еліміздің көрнекті жерлері туралы материалдарды жариялауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Біздің Бурабайдың әдемілігі жайлы мақаламызды Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдеріне таралатын әйгілі «Араб туризмі» журналы жариялады. 2016 жылы басылым туристік саладағы араб әлемінің ең үздік басылымы ретінде халықаралық сыйлыққа ие болған», - деп жазды Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Арман Исағалиев Фейсбуктегі парақшасында.
А.Исағалиевтің айтуынша, отандық туризмді дамыту мақсатында мысырдың мамандандырылған жетекші сайттарында қазақстандық туризм орталықтары жайлы жарияланымдар бөлімі іске қосылған. Біздің мақтанышымызға айналған Бурабай шипажай аумағына арналған «Қазақстан - ғажайыптар елі мен жер жәннаты» деп аталатын материал - мысырлық сайтта жарияланған ең алғашқы мақала болды.