Пиротехника сату ережелерін бұзған 829 адам жауапқа тартылды – ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – 25 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін арнайы жедел-профилактикалық шарада 16 мыңнан астам сертификатталмаған пиротехника алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пиротехника сату ережелерін бұзған 829 адам жауапқа тартылды – ҚР ІІМ

«Бұл күндері полицейлер ТЖ қызметкерлерімен бірлесіп, пиротехникалық заттар мен бұйымдар айналымы ережелерінің сақталуын қадағалады. Мәселен, пиротехникалық өнімдерді сату ережелерін бұзғаны үшін - 829 адам, бөлінбеген жерлерде қолданғаны үшін - 11, сақтау және тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін 2 адам жауапқа тартылды», - деді Шұғыла Тұрлыбек Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде.

Жаңа жыл қарсаңында отшашудан 15 адамның күйік алу фактісі тіркелді, оның ішінде кәмелетке толмаған 6 бала бар.

«Мысалы, елордада екі кәмелетке толмаған баласы бар ер адам отшашуды қолданғанда ерні мен қолын күйдіріп алған. Ал пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан пәтердің балконы өртенген», - деді ресми өкіл.

Фото: Алматы қаласы ТЖД