PISA стандарттары бойынша Қазақстанда ең төменгі көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - PISA стандарттары бойынша Қазақстанда ең төменгі көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.
Оның айтуынша, 2009 және 2012 жылдары Қазақстан PISA (Programme for International Student Assessment - оқушылардың білімін бағалайтын халықаралық бағдарлама) халықаралық зерттеу жұмыстарына қатысқан. Нәтижесінде 2009 жылы оқушылардың балы математика бойынша базалық деңгейден 59 пайыз, мәтін оқу бойынша 58 пайыз, жаратылыстану пәндерінен 55 пайызға төмен болған. Ал 2012 жылғы зерттеулер бойынша математика мен жаратылыстану саласы бойынша бірнеше пайызға өсім байқалды.
«2012 жылғы сынақтарға еліміздің 200-ге жуық мектебі мен 18 колледжінен 5800-дей 15 жасар балалар таңдалып алынып, аталмыш сынаққа тартылды. Нәтижесінде ең жақсы көрсеткішті Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарының балалары көрсетті. Ал ең төмен нәтиже Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарында», - деп атап өтті Ж. Жонтаева.
Оның мәліметінше, үш жыл сайын өтетін сынақтар енді 2015 жылдың сәуірінде болады. Оған шамамен 6 мың оқушы қатыстырылады деп жоспарланған.