Пластикалық хирургия клиникаларына 244 адам шағымданған: қандай заңбұзушылықтар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы алты жылда Денсаулық сақтау министрлігінің эстетикалық медицина және пластикалық хирургия клиникаларында жүргізген жоспардан тыс тексерулері барысында адам өліміне әкелген төрт жағдай және пациент денсаулығына ауыр зиян келтірудің бір дерегі тіркелген. Қазақстандықтар қандай мәселелерге жиі шағымданады және тексерулер кезінде қандай заңбұзушылықтар анықталды? Kazinform тілшісі осы мәселеге қатысты ресми деректерді зерделеп көрді.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Медициналық қызметті жоспардан тыс бақылау басқармасы агенттіктің ресми сауалына берген жауабында тексерулер қорытындысы мен анықталған заңбұзушылықтарға қатысты мәлімет ұсынды.
Комитет мәліметінше, 2021 жылдан бері пластикалық хирургия клиникаларында 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
— Ең көп қоғамдық резонанс тудырған жағдайлар Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелді. Аталған өңірлерде осы кезең ішінде адам өліміне әкелген төрт жағдай және пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірудің бір дерегі тіркелген. Әрбір оқиға бойынша тәуелсіз сарапшылар тартылып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Материалдар құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жолданды, — делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар, 2023–2025 жылдары Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне эстетикалық медицина және пластикалық хирургия клиникаларының жұмысына қатысты шағымдар түскен.
Осы кезеңде комитетке 244 азамат жүгінген. Пациенттер көбіне көрсетілген медициналық қызметтің сапасына, операция нәтижесіне және операциядан кейінгі асқынуларға шағымданған.
Шағымдардың ең көбі 2024 жылы түскен. Сол жылы 32 клиникада жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Алты жылда қандай заңбұзушылықтар анықталды
2021 жылдан бері жүргізілген 92 жоспардан тыс тексерудің қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мынадай заңбұзушылықтарды жиі анықтаған:
* медициналық қызметті тиісті лицензиясыз немесе лицензияға қосымшасыз көрсету;
* медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының бұзылуы;
* операция алдындағы тексеру мен анестезиологиялық сүйемелдеудегі кемшіліктер;
* медициналық құжаттарды жүргізу және пациенттің ақпараттандырылған келісімін рәсімдеу талаптарының бұзылуы.
Айта кетейік, мамыр айында пластикалық операция кезінде болған екі өлім жағдайы белгілі болды.
21 мамырда Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сауле Базарханның жергілікті жансыздандыру арқылы жасалған липосакция кезінде көз жұмғаны хабарланды.
Ал 22 мамырда Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Ербол Айтуовтың иек астындағы артық майды алу операциясынан кейін көз жұмғаны белгілі болды.