Пол Салопек: «Әлемдік серуен» жобасы «тыңғылықты» журналистикасымен де ерекшеленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Астанада антрополог, археолог ғалымдардың басқосуы өтіп, оған америкалық ғалымдар да қатысқан болатын. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен қазақ тілінде тұңғыш рет жарыққа шығып отырған «National Geographic Қазақстан» журналы ұйымдастырған шараға қатысушының бірі - танымал ғалым Пулитцер сыйлығының иегері, жиһангер-жазушы Пол Салопек.
None
None

«Адамзат геномының алуандығы» атты тақырыпқа жазылған мақалалар сериясы және Африкадағы түрлі ахуалдарға жасаған журналистік зерттеулері үшін Пол Салопек Пулитцер сыйлығын екі мәрте иеленген. Ол 2013 жылы «National Geographic» журналының қолдауымен «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған саяхат» немесе «Жұмақтан қашу» атты жобаны қолға алды. Жобаның аясында жиһангер-журналист ежелгі адамдардың алғашқы миграция жолымен бүкіл әлемді шарлап шығуға бел буған. Осылайша, ғалымдар белгілеген ежелгі адамдардың ұлы миграция жолымен әлемді жаяу аралап шығу үшін Пол Салопек осыдан үш жыл бұрын Африканың Эфиопиясынан өз саяхатын бастады. Африкадан ежелгі адамдардың ізімен басталған «әлемдік серуен»  шым-шытырық оқиғалармен астасты десе де болады. Пол Салопек сапарында түрлі оқиғалардан бастан кешкенін алға тартады. «Серуен қысқартып айтқанда Африкадан солтүстік бағытқа - Таяу Шығысқа қарай бастау алды. Сосын Азия арқылы Қытайға бет түзейміз, одан қайта солтүстікке - Сібірге қарай жүреміз. Ресейден Аляскаға өтіп, соңғы нүкте Оңтүстік Америкаға тіреледі. Осылайша, Эфиопиядан әлемдік серуенге шығып, Газаны кесіп өттім, тіпті мен Газа секторын кесіп өткен тұңғыш шет елдік журналиспін. 2013 жылы Иорданияны, Палестинаны басып өттім. Израильде, сосын Сирияда болдым. Қақтығыстар аймағын айналып, кейде теңіз арқылы жүруге мәжбүр болдым. Кипр арқылы Түркияға соғып өтуге тура келді. Одан әрі Кавказ, Грузия, Әзербайжан, сосын Каспий теңізі арқылы Ақтауға жеттім. Маған Ақтауды «Қазақстандық Аляска» деп айтқан болатын. Қазір осында алдағы сапарға дайындық үстіндемін. Жақында мықты ат сатып алсам, сосын сапарды ары қарай жалғастырамын», - дейді Пол Салопек.

Осылайша, жиһангер-журналист әлемдік жоба аясында Каспий теңізі арқылы Ақтау қаласына тұрақтаған. Шара аясында жаһандық жобаның ерекшеліктері, оның маңыздылығы туралы да сұраған едік. Ең алдымен «Әлемдік серуен» неге Африкадан бастау алды?

«Жобаның бір атауы «Жұмақтан қашу». Неге? Біз бұған ғылыми және антропологиялық көзқараспен келдік. Ғылымның дәлелінше, ең алғашқы адамның тіршілік еткен мекені - Африка. Адамзаттың тұңғыш миграциясы да сол тұстан әлемге таралған деген пайым бар. Қазба жұмыстары мен ДНҚ талдаулары көрсеткеніндей, алғашқы адам Африкада пайда болып, миграция арқылы дүние жүзіне таралған. Менің бұған қызығушылығым аса жоғары. Осы арқылы біз адамзаттың тарихына жасалған алғашқы ауқымды саяхатты жүзеге асырмақшымыз», - дейді Пол Салопек. 

Ғалымдар 50-100 мың жыл бұрынғы, яғни ежелгі адамдардың анатомиялық құрылымы туралы мәселені зерттеген екен. Бұндай адамның ежелгі түрлері Африкада тас дәуірінен бастап тараған деседі. Яғни, алғашқы адам Африкада өмір сүріп, содан кейін миграцияға ұшыраған деген тұжырым бар. Алғашқы адамның, жан-жануарлардың Африканы тастап кетудегі себебі әлі де толық ашылмаған. Дегенмен, ғалымдардың біразы бұған қатысты құрғақшылықтың салдарын алға тартады.

Пол Салопектің сөзіне қарағанда, «Әлемдік серуен» жобасының екі маңызды ерекшелігі бар. Оның біріншісі - ежелгі адамдар миграциясының ізімен жаһанды жаяу шарлау. Екіншісі - «тыңғылықты» журналистика. Осылайша, Пол планетадағы адамдар қонысының шекарасын асықпай, адам үшін қалыпты жылдамдық - сағатына 5 шақырыммен жүріп өтпекші. Жүріп өтіп қана қоймайды, осы серуен барысында дүниеде не болып жатқанына назар аударылып, бүкіл адамзаттың баршасына ортақ байланыстарын анықтауға да ден қоймақшы.

«Сағатына 5 шақырым жылдамдықпен деп есептелген «Әлемдік серуен» 33 мың шақырымға созылады. Шақырымға шаға отырып, әр қадамын да шамалап есептедім: 35 миллионға жуықтайды. Осы аралыққа 7 жыл уақытымды жұмсауым керек еді, Әйтсе де қазіргі түріме қарасам, бұған 10 жыл кететін тәрізді», - дейді Пол. Адам табаны тиген жерді жаяу шарлап шығудың ерекшелігін ол өзіндік пайыммен де түсіндіреді.

«Осы жоба туралы естігендер «Пол неге сен жаяусың?» деп таңғалады. Неге таксимен, ең құрығанда автобуспен жүрмейсің деп жатады. Әрине, олай да болатын-ақ еді. Алайда, бұған екі себеп бар: бірінші - саяхат пен оның барысында зерттеуге өзек болатын әңгіме жинап, ақпарат алу. Осының өзі - ең ежелгі ақпарат алмасудың атрибуты», - дейді Пол Салопек. Оның пайымынша, тіпті адамның адам болып қалыптасуына да осы саяхат және ақпарат көп септігін тигізген. Адамның ең көне кәсібі аңшылардың өзі ақпарат жинаушы һәм таратушы болатын.

«Бір аңшы күніне неше шақырым жаяу жүреді, қалай ойлайсыздар? 15-20 шақырым. Аңшы өзінің отбасына азық табу үшін күніне 15 шақырым жол жүрді деп есептейік. Тіпті қазіргі адамдар күніне емес аптасына 15-20 шарықым жүрді делік. Яғни, біз күн сайын жүретін болсақ, онда бір жылда Ақтаудан Астанаға барып қайтар еді. Әрине, мұның бәрі біртүрлі көрінетін болар, алайда оның еш сөкеттігі жоқ. Қазір көптеген азаматтардың тіршілігі отырып жұмыс істеуге негізделген. Бұл жақсы емес. Денсаулықтағы кінәраттың барлығы көп отырудан пайда болады», - дейді ол.

«Әлемдік серуен» жобасындағы екінші маңызды мәселе - әңгіме, тарих, шежіре мен хикаялар. «Егер аңшы отбасын асырау үшін иен далаға қаңғып кетсе, онда тек азықпен ғана оралмайтыны анық. Ол адам баспаған жер туралы ақпарат ала келеді, онда тілдесетін біреу табылса одан да қатып кетеді. Тіпті қазірдің кезінде де бұл солай - туристер өзіне таңсық өңірлерден тамаққа тойып емес, ақпарат деген үлкен олжамен оралады. Яғни, ақпараттың ең ежелгі атрибуты - әңгіме», - дейді Пол Салопек.  

«Шындығында шапшаң жететін мүмкіндік бола тұра, мен неге жаяу «шаңдатып» жүрмін? Журналист ретінде айтарым: егер мен ұшақпен ұшып, көлікпен жөңкілтетін болсам, бастан кешетін оқиға былай тұрсын мұншалықты бай әңгімеге, тарихқа қарық болмайтын едім. Сапар аясында кейде мен үшін қанша азапқа толы болса да бір пункттен екінші пунктке жету емес, сол екі нүктенің арасындағы жинаған әңгімелерім, алған ақпаратым маңыздырақ болып шығады. Жаяу жүретін адам бәрін сезінеді. Жедел ақпарат таратып, шапшаң шаң қаптыратын журналистикадан гөрі «тыңғылықты» журналистиканы жаным қалайды. Ел аузынан ақпарат алып, жергілікті халық туралы көбірек білгім келеді. Жүріп өткен жерімнен жұртшылықтың ерекшеліктері мені көбірек қызықтырады. Бұл тек үлкен географиялық журналистика ғана емес, адамзатқа қатысты тарих. Бұл бір елге ғана емес, баршамызға ортақ тарих. Сондықтан да, мен үшін асығыс ақпараттан гөрі тыңғылықты зердеге мән беру артық. Жаяу жүру идеясы да сол тұрғыдан ерекше», - дейді Пол Салопек.

Түйіндей айтқанда, көлікпен сапарлағанда көзден таса қалатынның бәрі жаяу жолаушылайтын «тыңғылықты» журналистикада қамтылады. Ол ол ма, осы арқылы адамзаттың таралуына, өркениеттердің бір-бірімен өзара байланысына да барлау жасауға болады. Сондықтан да, Пол өз сапарында бұқаралық ақпарат құралдарында таса қалып жататын, әлемдік, өңірлік БАҚ-та тақырыпқа көп шыға бермейтін мәселелерді терең қаузағысы келетін тәрізді. Ол белгілі бір өңірге келгенде алдынан кездескен адаммен сұхбаттасып, көк аспан мен қара жерді фотоға, бейнежазбаға түсіріп отырады.

Осылайша, «Әлемдік серуен» жобасы жер дүниенің әр түкпіріндегі орын алып отырған өзгерістерге де, соның ішінде әлемнің экологиялық, экономикалық, әлеуметтік өзгерістеріне де барынша мән береді. Ал саяхатшының айтуынша, бұл оңай шаруа емес. «Кесте бойынша сапарлап жүргенде кейде басқа іс түседі, үлкен трагедияға да тап болып жүрдім. Мәселен, әлемнің күн тәртібіндегі босқындар ахуалы. Сирияда атамекенін тастап, бас сауғалай үдере көшіп бара жатқан босқындарды көп кездестірдім. Соғыстың салдарынан тұтастай қирандыға айналған, жермен жексен етілген қалаларды байқадым. Бұған қараудың өзі өте аянышты еді. Алайда, адамдардың бір тобы әлемге үрей сеуіп жатқанымен, екінші бір тобы өздерінің бастарына қанша қауіп пен қатер төнсе де бір-біріне деген адамгершіліктен, аяушылықтан аттаған емес. Ең бастысы қарапайым халықтың болашақтан үміті өшпеген. Олар қан қақсатқан қақтығыстардың бәрін уақытша деп шамалап, оның аяқталатынына, келешекке көп сенім артады. Маған да көмектескендер көп еді. Кейде осынау трагедияларды өзара түсінісіп, мауқымызды басқан кез де болды. Мен сол күндерді ұмыта алмасым да анық. Ол ұмытылмайды. Өйткені, өлімді ұмыту мүмкін емес», - деді П. Салопек.

Жиһангер-журналист қазір Ақтауда алдағы сапарына қамданып, кестесін пысықтау үстінде. Сәтін салған күні атқа жүктерін артып жолға шықпақ. Айтпақшы, жаяу-сапарында Пол Салопек ат, есек, түйе секілді жануарларға жүк артып, еңбегін пайдаланғанымен, оларға көлік ретінде үстіне мінген емес. Жиын барысында қазақстандық антрополог ғалым Оразақ Смағұл ақсақал «Пол, екі аяғың дерт көрмесін! Сен жаяу жүресің ғой, Аяқтарың аман болсын! Сені діттеген жеріңе, көздеген мақсатыңа жеткізсін» деген баталы сөзін арнаған болатын. Біздің де айтарымыз осы.

Айтпақшы, алдағы уақытта Пол Салопек Қазақстан туралы қызықты материалдар жариялайтыны да анық. «Жібек жолы» туралы мақала әзірлеп жатқанын да айтып қалған болатын. 

Соңғы жаңалықтар