Польша Парламентінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кітаптың тұсауы кесілді
Қазақстан Елшісі Алтай Әбибуллаев шара барысында қатысушыларды еліміздің негізгі әлеуметтік-экономикалық бағытымен таныстырып, екіжақты өзара байланыстың перспективаларына, сонымен қатар, ҚР Президентінің халықаралық бастамаларына тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазақ-поляк сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әлеуеттің келешегі өте зор, ал Қазақстанда өмір сүріп жатқан поляк диаспорасы екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықтың тірі көпірі болып табылады.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар Қазақстанның экономиканы дамыту мен жаңғыртудағы теңдессіз жетістіктерін айтып, ұлтаралық және дінаралық татулықтың қазақстандық тетігі халықаралық аренада кеңінен мойындалатынына назар аударылды. Олардың пайымынша, Астана тәуелсіздік пен ұлттық бірліктің тұтастай келбетін көрсетеді.
Өз кезегінде Польша Сенатының маршалы С. Карчэвский барша қазақстандықтарды 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен, сондай-ақ Астана қаласының 18 жылдығымен құттықтады. «Қазақстан Польшаның ЕАЭО кеңістігіндегі маңызды әріптесі. Сондықтан да, біз елдеріміз арасындағы екіжақты өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту үшін екіжақты қатынастың барлық қырларына ерекше мүдделіміз», - деп атап өтті ол.
Ал Польша-Қазақстан парламентаралық тобының мүшелері ел басшылығына қазақстандық поляктардың ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрін сақтаудағы қамқорлығы үшін зор ризашылығын білдірді. Шараға қатысушылар Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастық әлеуетін ерекше атап өтті.