Польшада Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды

Оның салтанатты таныстырылымы 8 желтоқсанда Варшавадағы Поляк баспасөз агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында болды, деп хабарлады ҚР-ның Польшадағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Маркада ұлттық әшекейлермен безендірілген еліміздің аумағының контуры бейнеленіп, «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» деген сөздер жазылған. Мерейтойлық марка 500 мың данамен, 2,40 злотых номиналында шығарылған.
«Біз жұртшылыққа Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған пошта маркасы мен конвертті ұсынғанымызға қуаныштымыз. Оның эксклюзивтік дизайнын арнайы шығармашылық конкурстың жеңімпазы - Жапонияда тұратын талантты поляк дизайнері Александра Убуката жасады», - деп хабарлады «Поляк поштасының» корпоративтік маркетинг жөніндегі директоры Агнешка Клода-Денбска.
Оның айтуынша, марканы шығару Қазақстан мен Польшаның филателия саласындағы жемісті ынтымақтастығын жалғастырды. Бұдан бұрын «Қазпошта» АҚ 2001 жылы 50 мың дана таралыммен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің Астанаға сапарына орай пошта маркасын шығарған болса, 2010 жылы ұлы поляк композиторы және пианисі Фредерик Шопеннің 200 жылдығына арналған марка жарық көрген еді.
«Польша Қазақстанның халықаралық әріптестері арасында елеулі орын алады. Таныстырылым біздің халықтарымыздың бір-біріне құрмет сезімін білдіреді, біз «Поляк поштасына» осы тамаша тартуы үшін алғыс айтамыз», - деді ҚР-ның Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Волков.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында Қазақстан елшілігі соңғы алты жылда поляк тілінде шығарған 10 кітап таныстырылды, олардың арасында танымал поляк ғалымы-шығыстанушы және аудармашы М.Лабендская-Коехердің аудармасындағы «Қобыланды батыр» эпикалық жыры бар.
Таныстырылымға Польшаның СІМ, Көлік министрлігі, Мәдениет министрлігі, «Поляк поштасы» өкілдері, филателистер, БАҚ өкілдері қатысты.