Полицей Рүстем Болатов: Жұмыс барысындағы ұстанымым: «бүгін жасар ісіңді ертеңге қалдырма»
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қосшыдағы блокпоста қызметін атқару барысында 4 рет жүкті әйелдерге көмек көрсетіп, олардың перзентханаға дін аман жетуіне жағдай жасаған Рүстем Болатовты көпшілік біле бермейді. Ол да бұл көмегін азаматтық парызы, қызметтік борышы санайды.
Бүгін Қазақстан полициясы күні болғандықтан Рүстемге арнайы хабарласып, төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істегендігі, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда атқарған еңбегі жайында білуге тырысқан едік.
«Полиция қызметкері атанғаннан кейін мойныңа жауапкершілік пен зор міндет жүктеледі. Отаныңа, халқыңа қызмет ету - парызым. Дегенмен, жаныма жақын қызмет болғаннан кейін осы мамандықты таңдаған едім»,- деді полиция майоры ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Рүстем Болатов құқық қорғау органдарында қызмет еткеніне 11 жыл болды. Қазіргі уақытта ол жеке құрамның тәрбие блогына жауап береді. Ол төтенше жағдай кезінде Қосшыда орналасқан 6-шы блокпостқа жауапты болған еді.
«6-шы блокта наурыздан бастап маусым айының басына дейін таңғы сағат 9-дан кешкі 18-00-ге дейін жұмыс істедік. Түрлі жағдайлар орын алды. Блокпосттан ай-күні жетіп, толғағы келген жас аналарды алып өткен кездеріміз де болды. Оларды күйеулері, туыстары блокпостқа дейін алып келетін. Босанатын әйелдің суы кетіп қалғандықтан жедел жәрдем көлігін күтуге уақыт болмады. Жедел әрекет етуге тура келді. Сол кезде қызметтік көлікпен 4 рет босанатын әйелдерді таяу орналасқан перзетханаға жеткіздік», - деп еске алады сол бір күндерді полиция майоры.
Рүстем Болатов төтенше жағдай кезінде түрлі тосын жайттарға куә болып, бірнеше рет құқық бұзушылықтың алдын айтады. Атап айтқанда, ол көлік құралын мас күйде басқарып, блокпосттан заңсыз өтпек болған екі азаматты ұстап, көлігінің жүк салатын бөлігінде тіркелген мылтық пен бірнеше пышақ салып жүрген азаматты болға түсірген.
«Меніңше, полиция қызметкері бұл мамандыққа саналы түрде келуі тиіс. Ол өз елінің патриоты әрі қызметіне жан-тәнімен берілген болуы тиіс. Әділ болуымен қатар ісіңнің нағыз кәсіби маманы болу үшін өзіңді үнемі дамытып отыру қажет. Белгіленген ережелердің барлығын мүлтіксіз орындауға тырысамын. Жұмыс барысындағы ұстанымым - бүгін жасар ісіңді ертеңге қалдырма», - деді ол.
Сөз соңында Рүстем Болатов барлық әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Барлық әріптесіме мықты денсаулық, жұмыста зор жетістік тілеймін. Ең бастысы - Отаныңа абыроймен лайықты қызмет ету», - деді полиция майоры.