Полицей төрт студентті ажалдан аман алып қалды – Павлодар облысы
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Орталық жағажайда суға батып кете жаздаған аудандық аграрлық-техникалық колледждің студенттеріне ішкі істер бөлімі полициясының аға лейтенанты Ғалымбек Жұмабаев дер кезінде көмек көрсете білді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Аққулы ауданы ішкі саясат бөлімінің маманы Аманжол Еренұлы мәлім етті.
«Ғалымбек Жұмабаев отбасымен бірге жағажайға демалуға барған. Сол кезде І, ІІ курс студенттерінің жағада серуендеп жүргенін байқап қалады»,-дейді Аманжол Еренұлы.
Тәртіп сақшысы енді бір қараған сәтте олардың суға батып бара жатқанын көріп қалып, дереу әрекет етуге кіріскен. Полиция қызметкері алдымен алысқа кетіп қалған қыз баланы жағаға шығарып алып, соңынан дереу үшеуіне көмек көрсетуге асыққан. Одан соң жастарға медициналық қызмет көрсетеді. Студенттер естерін жинағаннан кейін мұндай серуеннің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, үйлеріне жіберген.
Айта кеткен жөн, Ғалымбек Жұмабаев ішкі істер органында 10 жылдан астам жұмыс істейді.