Полицейді қаққан астаналық жүргізуші заңның төрт бабы бойынша жауапқа тартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» монументі маңында автомобиль капотында полицейді сүйреген құқық бұзушыға қатысты Астана Ішкі істер департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Toyota Camry» автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің төрт бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды: 610-бап, 3-бөлім (Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бұзуы), 612-бап, 3-бөлім (Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы), 613-бап, 1-бөлім (ІІБ қызметкерінің көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау) және 230-бап.

Сонымен бірге, билік өкіліне бағынбау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Аталған жүргізуші 12 ай мерзімге (2015 жылдың қараша айында) техникалық құралдарды басқару құқығынан айырылған, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, «Бәйтерек» монументі маңында «Toyota Camry» жүргізушісі өзін тоқтатқан полиция қызметкерін көлігінің алдындағы капотқа салып сүйреген. Оқиғаның куәгері болған астаналық Нұржан Бердішев өз көлігімен тәртіп сақшысына заң бұзушыны қуып жетуге көмектесті.

Заң бұзушы бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай, үш автокөлікпен соқтығысты және қамауға алынды, дейді куәгер.

«Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. ІІД азаматтық позициясын білдіріп, құқық бұзушыны қуып жетуге көмектескен Нұржан Бердішевке алғыс білдіреді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова.

Соңғы жаңалықтар