Полицейдің жағасына жармасқан атыраулыққа 120 мың теңге айыппұл салынды
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Ж. есімді ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Оған Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен, 667-бабының 1-бөлігімен айып тағылған.
«Махамбет ауданының тұрғыны Ж. 2023 жылғы 19 сәуірде қоғамдық орында жәбірленуші К.-ге былапыт сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасаған. Жәбірленуші К-ның шақыртуы бойынша келген полиция қызметкерлері бұзақылықтың себебін анықтау мақсатында құқық бұзушы Ж-ны ұстауға тырысқан. Алайда, ол полиция қызметкері киімінің жағасынан алып, қарсылық көрсеткен. Полиция бөліміне барудан бас тартып, олардың заңды талаптарына бағынбаған», -деп хабарлады Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот отырысында Ж. кінәсін толықтай мойындаған. Жәбірленушіден және полиция қызметкерінен кешірім сұраған.
Құқық бұзушы анасының денсаулық жағдайына байланысты өзіне қатысты әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны қолданбауды сұрады.
Сот қаулысымен Ж. кінәлі деп танылып, оған 120 мың 750 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда медбикені балағаттаған ер адам 5 тәулікке қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау қаласында тұратын ер адам ауруханадағы медбикеге дөрекілік танытып, былапыт сөйлеген.
Аталған дерек бойынша 42 жастағы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот қаулысымен 1981 жылғы азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Ол 5 тәулікке қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.