Полицейлер халық көп жиналатын орында тұрғындардың сұрақтарына жауап береді

Полиция департаменттері, әкімшілік полиция, жергілікті полиция және көші-қон қызметі басшылары халық көп жиналатын жерде (орталық алаңдар, сауда-ойын сауық орталықтары, мамандандырылған ХҚКО және ХҚКО айналасында), арнайы «жедел» қабылдау орындарында тұрғындарға қызықтырған сұрақтары бойынша жауап береді. Акция кезінде азаматтар өздерінің өзекті мәселелерін шешу үшін тікелей, ешқандай алдын ала жазылусыз полиция басшыларына жүгіне алады», - деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, бұл жолы тұрғын үй кешендерінде полиция қызметкерлері әкімдіктер, ПИК өкілдерімен бірге «аулалардағы қабылдау» шарасын ұйымдастырып азаматтардың сұрақтарына жауап бермек.
«Сондай-ақ, жол қауіпсіздігі және көші-қон заңнамасы мәселелеріне қатысты сұрақтарға «қызу желі» телефоны арқылы жауап алуға болады. Аталған іс-шараның өткізілетін орны және «қызу желінің» телефон нөмірлерін сілтемесі бойынша ІІМ-нің ресми порталынан және полиция департаменттерінің порталдарынан, сондай-ақ +7 (7172) 437613 телефондарынан білуге болады», - делінген хабарламада.
Бұдан бұрын ІІМ бастамасымен өткен «Жолда қабылдау» акциясы азаматтардың көңілінен шыққан болатын. Аталмыш акция – полицияның халықпен өзара іс-қимыл жасасудың жаңа моделіне көшу бағыттарының бірі. Акцияның алдыңғы төрт кезеңінде 76 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Осыған байланысты, министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша аумақтық ішкі істер органдары ай сайын азаматтарды қабылдауды жүргізеді.