Полицейлер интернет-алаяқтар туралы – нөмірді ауыстыру технологиясын қолданады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Өткен жылы Алматыда 2 мыңнан астам интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Еркебұлан Қойшыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Талдау көрсеткендей, 2017 жылы қала аумағында 90 интернет-алаяқтық, 2018 жылы – 142, 2019 жылы – 666, 2020 жылы 1677 факті тіркелді. Өткен жылы осындай 2 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Ұсталған интернет-алаяқтар туралы мысалдар бар. Бірақ, қылмыстың бұл түрін ашу қиын. Себебі олар трансшекаралық сипатқа ие. Яғни, жәбірленуші бір жерде, ал күдікті басқа мемлекетте болуы мүмкін», - деді Е.Қойшыбаев.
Оның айтуынша, интернет-алаяқтар адамдарды алдап-арбау сценарийін жиі өзгертіп отырады. Ал кейінгі уақытта инвестицияға қатысты алаяқтық фактілері көбейген.
«Алдаудың принципі бір. Яғни, алаяқтар белгісіз нөмірден қоңырау шалып, жобалар туралы айтады, оған ақша салуды ұсынады, кірісті арттыруға уәде береді. Ақшаны алған соң алаяқтар жоғалады. Олар сондай-ақ жәбірленуші инвестиция жасаған соң, оның кірісі қалай өскенін көрсететін жалған қосымшаны көрсете алады. Бірақ, іс жүзінде бұл – өтірік. Адам қаржыны пайдалана алмайды. Себебі, мұндай қосымшаларда қайтарып алу функциясы болмайды», - деді Еркебұлан Қойшыбаев.
Сонымен қатар нөмірді ауыстырумен байланысты алдаудың жаңа әдісі пайда болған. Спикердің айтуынша, қазақстандықтарға шетелден қоңырау шалғанда нөмірді ауыстыру технологиясы қолданылады. Сондықтан күдіктіні табу өте қиын. Алаяқтар SIM-карталарды сатып алмайды, олар телефонның негізгі нөмірін өзгертетін арнайы бағдарламалық құралды пайдаланады. Сондықтан олар кез келген нөмірден қоңырау шала алады.
Алаяқтар кез келген елден көптеген нөмірді ала алатын СМС-ті белсендіру қызметі туралы да айтылды.
«Кейін алаяқтар GSM шлюздерін пайдаланып, кез келген адамға қоңырау соға отырып, банк нөмірін, тіпті жеке нөміріңізді пайдалана отырып, әдеттегі қоңырауды интернет қоңырауына айналдырады. Қазір полицейлер мұндай сайттарға тосқауыл қоюда. Нөмірді ауыстыру технологиясы пайда болған соң, азаматтар нөмірлерін алаяқтар пайдаланғаны туралы полицияға хабарласа бастады. Әдетте, жәбірленушілер нөмір иелеріне шағымданады. Мұндай қоңырау нөмір ауыстыру арқылы жасалғанын дәлелдеу үшін ұялы байланыс операторына қоңырау шалып, егжей-тегжейін білген соң, нөмірдің жалған екенін дәлелдей аласыз. Бұл қарапайым телефон трафигі емес, интернет қоңыраулары екенін көрсетеді», - деді Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Еркебұлан Қойшыбаев.


Соңғы жаңалықтар