Полицейлер қарақшылардың ізін суытпай қолға түсірді - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жуырда Қызылорда қаласының тұрғыны азаматша Г.Б. «102» телефонына хабарласып, Қызылорда қаласы орталығындағы дәмхана ғимаратының ішінде орналасқан букмекерлік кеңседе диллер болып жұмыс жасап тұрғанында бетперде киген белгісіз екі азамат кіріп, пышақпен қорқытып, кассадан 60 мың теңге көлемінде ақша және ұялы телефонын алып кеткендігін жеткізген.

Полицейлер қарақшылардың ізін суытпай қолға түсірді - Қызылорда

Жәбірленушінің айтуынша, қарақшылар диллерге «теріс қарап отыр» деп бұйырған да, оқиға орнынан іздерін суытқан.

Хабарлама түсісімен барлық полиция нарядтарына тапсырма беріліп, іздестіру шаралары жүргізілді. Жедел басқару орталығының бейнебақылаушы-инспекторы полиция лейтенанты Р.Дәулетов сол маңда орналасқан бейнебақылау камерасы арқылы сезікті екі азаматты байқаған. Оларды тексеру үшін жол-патрульдік полиция нарядтарына нұсқау берілді. Тексеру барысында екі азаматтың қарақшылық қылмысқа қатысы барлығы анықталды. Қызылорда қаласының тұрғындары 1992 ж.т.А. К. мен 1994 ж.т. Б. Ө. жасаған қылмыстарын толық мойындаған. Қазіргі таңда күдікті екі азамат уақытша ұстау абақтысына тоғытылып, олардың үстінен ҚР ҚК-нің 179 бабы 2 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады ОІІД баспасөз қызметінен.

Қызметте қырағылық танытып, қылмыстың ізін суытпай ашуға үлес қосқаны үшін Жедел басқару орталығының бейнебақылаушы-инспекторы полиция лейтенанты Руслан Дәулетов Қызылорда ОІІД-нің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.