Полицейлер мен прокурорлар әуе және темір жол көліктеріндегі қауіпсіздік мәселелерін талқылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 қазан күні Алматы қаласында ҚР ІІМ Көліктегі ІІД көшпелі кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Оған ведомство басшысы Аманжол Қабылов төрағалық етті. Мәжілісте департаменттің 2016 жылғы 9 айдағы жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы талқыланып, көлік полициясының алдағы уақытта атқаратын негізгі міндеттері нақтыланды. Басқосуға Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары Алпысбай Тұрсынбеков, сондай-ақ департаменттің қызметтері мен оның желілік бөліністерінің басшылары қатысты, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарланды.

Полицейлер мен прокурорлар әуе және темір жол көліктеріндегі қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабыловтың айтуынша, есепті мерзім ішінде алдын ала қабылданған жедел-профилактикалық шаралардың арқасында қылмыстар саны 12%-ға жуық төмендеген. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 70%-дан асқан.

Көлік сақшылары ағымдағы жылдың басынан бері ауыр және аса ауыр қылмыстар жасап, ішкі істер органдарынан жасырынып жүрген 32 қылмыскерді, соның ішінде Қазақстан аумағынан тыс 3 қылмыскерді ұстады. Сонымен қатар, есірткінің заңсыз таралу фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, департаменттің аумақтық бөліністерінің күшімен  заңсыз есірткі айналымының 344 фактісі анықталып, есірткі контрабандасының 10 фактісінің жолы кесілді. Заңсыз есірткі айналымынан 2 тонна түрлі есірткі заттары, оның ішінде 3 келіден аса героин тәркіленіп алынды.

Мемлекет басшысының ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру тапсырмасы  аясында   жыл басынан бері белгілі мақсатқа бағытталған профилактикалық жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде түрлі құқық бұзушылықтар үшін 46 мыңнан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3098 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 242 шетелдік ел аумағынан тысқары шығарылды.

А. Қабылов жеке құрамға алдағы уақытта да маңызды іс-шаралардың күтіп тұрғандығын айтты. «Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінгі күні лаңкестік әрекеттер күллі әлем алаңдаушылығын туындатып отыр.  Біз ел іргесінің берік, келешегінің кемел болуы, азаматтарымыздың ертеңге деген сенімін арттыру жолында адал қызмет өткеруге тиіспіз. Сақшылар үшін олардың өмірі мен құқығын, еркіндігін қорғау - басты басымдық болып қала береді. Ол үшін бізде ерік пен жігер де, кәсіби шеберлік те жеткілікті», - деді еліміздің бас көлік полицейі.

Бұдан соң ол Алпысбай Тұрсынбековке қылмысқа қарсы бірлесе атқарған  жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар үшін алғысын білдірді. «Қылмыспен күресу - бұл еліміздің құқық қорғау құрылымдарының басты міндеті. Қоғамдық тәртіпті нығайтуда өзара әріптестіктің берері мол. Бұл ретте, өзара ықпалдастығымыздың одан әрі арта беретіндігіне сенім білдіремін», - дейді полиция полковнигі.

Өз кезегінде сө алған ҚР Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары                    А. Тұрсынбеков қызмет көрсету аумағында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, әсіресе жұртшылық көп шоғырланатын еліміздің әуе және темір жол көлігі нысандарында заң бұзушылықтарды болдырмау бойынша қабылдануы тиісті шараларға тоқталды.

Шара барысында 2017 жылғы ақпан айында өтетін бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде Алматы қаласы әуежайы мен темір жол вокзалындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге дайындық барысы да пысықталды.

Кеңесті қорытындылай келе, департамент бастығы желілік бөліністер басшыларына жедел-профилактикалық жұмыстарды жандандыру, тәртіп пен заңдылықты нығайту, жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.