Полицейлер жыл сайын тәртіп бұзған 100 мыңға жуық жасөспірімді ұстайды
«Полицейлер жыл сайын түрлі құқық бұзушылық жасаған 100 мыңға жуық жасөспірімді ұстайды. Олардың дені түнгі уақытта ата-анасынсыз қыдырып немесе ойын-сауық орындарында жүреді. Осы орайда жыл басынан бері 31 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 800-ге жуық кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды», - деді Әсет Оспанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл 2 мыңға жуық жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жіберілген.
«Бала тәрбиелеу және оның құқығын қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 3,5 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Осы орайда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызға ие. Мысалы, спорттық секциялар мен шығармашылық үйірлерге беру тағы сол сияқты», - дейді ІІМ өкілі.