Полицейлердің қанша пайызында видеотіркеуіштер бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ішкі істер органдары қызметкерлерінің 30 пайызы жұмылдырылған. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде жеке құрамның 70 пайызы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Ал қалған 30 пайызы жол қауіпсіздігі жұмыстарына жұмылдырылды. Осы орайда, жолдағы көлік қозғалысын бақылау басымдықты түрде автопатрульмен жүзеге асырылады», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Министрлік өкілі, сондай-ақ полицейлерді видеотіркеуіштермен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды.
«Жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне видеотіркеуішсіз жолға шығуға тыйым салынған. Бүгінде аталған құрылғылар жеке құрамның 97 пайызында бар. Видеотіркеуіштер жолда болып жатқан барлық жағдайды тіркеп тұрады. Сонымен қатар, құрылғы жүргізуші тарапынан орын алған ереже бұзу фактілерінен бөлек, патрульдік полицейдің де заңсыз әрекеттерін қадағалауға мүмкіндік береді», - деп түйді Ерлан Тұрғымбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ішкі істер министрінің орынбасары полиция автокөліктерді қандай жағдайларда тоқтата алатындығын түсіндірді.