Полиция: Елордада уақытша тіркелгендердің көбі - ресейліктер
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада уақытша тіркелген шетел азаматтарының көбісі ресейліктер. Бұл туралы елордадағы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анар Жомартова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, 2022 жылы елордада уақытша тіркелген шетел азаматтарының саны өсті.
2021 жылмен салыстырғанда 30 пайыз өсім болды, яғни 42 762 шетелдік тіркелді
«Уақытша тіркеуге тұрғандардың көбі Ресей азаматтары, яғни 75 пайызы осы елдің адамдарына тиесілі. Бұл үрдіс былтырғы қыркүйек айынан бері байқалды. РФ азаматтары Қазақстанда 90 күн бойы тіркеусіз бола алады. Егер олар осында қалатын болса, онда тиісті заңдастыру рәсімінен өтуі керек. Осы орайда, жұмысқа орналасқаны туралы деректер керек. Сонымен қатар, егер туыстарын тапса, олар қала алады. Жалпы, еңбек шартын жасау арқылы қалу мүмкіндігі болады», - деді А. Жомартова 2022 жылы көші-қон саласында атқарылған жұмысқа қатысты өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, шетел азаматтары елімізде көп жағдайда Қазақстанда болу мерзіміне қатысты ережені бұзып жатады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 6 мыңға жуық шетел азаматы анықталды.
2022 жылы елордада көші-қон саласына қатысты 635 мыңнан астам қызмет көрсетілді.
Былтыр Астанада қос азаматтығы бар 43 адам жазаланды.