Полиция қызметкері бір отбасын құтқарып қалды

ОРАЛ. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Полиция қызметкері Тимур Якушев бір отбасын құтқарып қалды.
None
None

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы, полиция полковнигі Фатихолла Маштақовтың хабарлағанындай, оқиға былайша өрбіген. Күндегі әдетінше С.Есқалиев көшесіндегі үйінен ерте шығып, қызметке асыққан Тимурдың келесі көшеге бұрыла бергені сол еді, кенет құлағына «Құтқарыңдар!» деген әлдекімнің жанайқайы естілгендей болды.

Алғашында ештеңеге түсіне қой­май, абдырап қалған Тимур жан-жағына қарап еді, Фрунзе көшесіндегі жер үйлердің бірінің есік-терезе саңлауынан будақтаған түтін шығып жатқанын бай­қады. Бір келеңсіз жағдайдың бол­ғанын түсінген ол жүгіре басып үйдің терезесіне жақындады. Үй ішінде сыртқа шыға алмай, жанұшыра айқайлап, бір отбасы мүшелері тұр екен. Есікті тартып көріп еді, құлыптаулы. Жіті қимылдап терезе әйнегін сындырып, іштегі адамдарды: үй иесінің балаларын, әйелін, сосын отағасын аман-есен сыртқа шығарды. Өзі ішке еніп, табиғи газбен жылытылатын пешті, электр сымдарын айырды. Ұялы телефон арқылы 101-ге хабарласып, көмек сұрады. Болған жайт жөнінде жұмыстағыларына да ескертті. Бұл кезде сағат тілі 07.23.-ті көрсетіп тұр еді.

Шақырту бойынша келіп жеткен эки­­паж жетекшісі, мемлекеттік өртті бақы­­лау бөлімінің бас маманы, майор Н.Еген­баев­қа болған жағдайды баяндаған қа­тардағы сақшы, ҚР ІІМ Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесі жеке полиция батальонының қызмет инспекторы,  аға лейтенант Тимур Якушев көпшіліктен рұқсат сұрап, өзінің кезекшілік жұмысына асығып бара жатты.

- Полиция аға лейтенанты Тимур Якушев - біздің басқармада өзінің кәсіби шеберлігімен, үлгілі тәртібімен көзге түсіп жүрген қызметкердің бірі. Кездейсоқ оқиғаға тап болған жандарға дер кезінде қолұшын беру - әрбір азаматтың борышы. Тимур бір отбасын ажал тырнағынан құтқарып қалды. Сол үшін әріптестері атынан рақметімді айтамын, - дейді БҚО МКҚБ ММ бастығы, полиция полковнигі Есенбек Бердіғалиев.

Қаладағы №6 мектептің 1992 жылғы түлегі, полиция аға лейтенанты Тимур Қаберұлы ішкі істер саласында 14 жылдан бері қызмет атқарады. Орта мектепті бітірген соң «Зенит» зауытында жөндеуші-механик болып жұмыс істеген. Отан алдындағы екі жылдық әскери борышын абыроймен атқарып келіп, ішкі істер құрылымына қызметке орналасқан Якушев М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ды заңгерлік мамандығы бойынша бітірген.

Басқарма басшылығы Тимур Якушевті балалы-шағалы бір отбасын ажалдан арашалаған батылдығы үшін марапатқа ұсынды.

Соңғы жаңалықтар