Полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылды - БҚО

ОРАЛ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Соңғы кезде билік өкілдеріне, соның ішінде полиция қызметкерлеріне бағынбау, тіпті шабуыл жасау көбейіп отыр.
None
None
Облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, Зеленов ауданы Щапов ауылында мас тұрғын учаскелік полиция инспекторының көмекшісіне байланған. Оны тәртіпке шақырып, тірек пунктіне алып бармақ болған кезде жағдай мүлде шиеленісіп кетті. Әлгі бұзақы адамның ар-намысына тиетін балағат сөзін жаудырып қана қоймай, баспен ұрған. Тіпті мойнынан алып, қылғындыруға тырысқан. Полиция қызметкері қос бірдей соққы жұмсап үлгергеннен кейін ғана бұзақының беті қайтқан, әйтпесе өлтіріп жіберуі де мүмкін еді. Аудан прокуратурасы билік өкіліне қатысты адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсету фактісі бойынша ҚР ҚК 321-бабы 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Алайда бірінші сатыдағы сот сотталушының іс-әрекетінен мұндай қауіпті күш көрсетуді «көрмей», 321-баптың 2-бөлімін 1-бөлімге ауыстырған. Сөйтіп сотталушыға 3,6 жылға еркіндігін шектеу жазасын белгілеп, оны сот залынан босатқан. Прокуратура мен жәбірленушінің өзі мұндай шешіммен келіспей, апелляциялық шағым берген. Соның негізінде БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Алпамыс Байболовқа қатысты үкімді өзгертіп, ҚР ҚК 321-бабы 1-бөлімін қайтадан 2-бөлімге ауыстырып, оны бес жылға бас бостандығынан айырды. Сот залында қайта қамауға алынған А.Байболов жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.
Соңғы жаңалықтар