Полиция қызметкерлері 24 нарколабораторияның көзін жойды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қарасора» іс-шарасы басталғалы 1300-ден астам қылмыс анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтанов айтып берді.

Полиция қызметкерлері 24 нарколабораторияның көзін жойды

«Өткен аптада Жамбыл облысында есірткі бойынша ірі құқықбұзушылықтардың жолы кесілді. Белбасар ауылында автокөлікті тексеру кезінде 2 қап кептірілген марихуана табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 34 келіге жетті», - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтанов апталық брифингте.

Оның айтуынша, «Қарасора» іс-шарасы басталғалы 1300-ден астам қылмыс анықталды, 765 сату фактісі тоқтатылды.

Заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 168 келі синтетикалық түр тәркіленді. 24 нарколаборатория таратылды.

«4 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, 8 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырғаны үшін 6 және трансұлттық топты құрғаны үшін – 2 іс бар. 100 кг-нан астам есірткі, 84 тоннадан астам прекурсорлар және 24 тонна «көкнәр» тәркіленген 4 көшбасшы мен 30-дан астам қылмыстық топ қатысушылары қылмыстық жауапқа тартылады», - деді Серік Сұлтанов.

Айта кетейік, жыл сайын маусым айынан қазанға дейін жабайы қарасораның өсуі мен пісуі кезеңінде «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасы өткізіледі.

Өткен айда полицейлер 315 қылмысты анықтады, оның ішінде 121 өткізу фактісі, есірткіні заңсыз сақтаудың 49 фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 114 фактісі бар.