Полиция полковнигі атанамын деп ойлаған жоқ едім – Тәнзиля Дәулетова

ОРАЛ. ҚазАқпарат – О баста полиция полковнигі атанамын деп ойлаған жоқ едім. БҚО полиция департаменті штаб басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тәнзиля Дәулетова осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция полковнигі атанамын деп ойлаған жоқ едім – Тәнзиля Дәулетова

Оның айтуынша, өзінің негізгі мамандығы математика және информатика пәнінің мұғалімі еді.

Дарынды балаларға арналған мектепте ұстаздық етіп жүрген Тәнзиля Тұрсынғалиқызы бұл салаға жұбайының шақыруымен ауысқан екен. Ол кезде ері Орал қалалық ішкі істер басқармасында инспектор-криминалист қызметін атқаратын.

Осылайша Тәнзиля ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 1996 жылы есепке алу жөніндегі техник болып бастады. Кейін Орал қалалық ішкі істер басқармасының ақпарат орталығында жұмыс істеді.

-Бастапқыда міндетім тәуліктік мәліметтерді есепке алу болатын. Қазір салыстырып қарасам, сол уақыттағы жұмыс пен қазіргі қызметтің арасындағы айырмашылық жер мен көктей деуге болады. Тоқсаныншы жылдары ақпарат қызметкерлері барлық есептер мен мәліметтерді қолмен жазып, әр түрлі реквизиттер бойынша карточкаларды қайта-қайта есептеп, журналдарға жазып, толтырып жүрді. Алғаш дербес компьютерлер пайда болғаннан кейін ақпараттар соған енгізіліп, дискетамен жұмыс жасадық. Ал аудандық бөліністер ақпаратты қағазға жазып, қолмен әкелетін, біз соны компьютерге енгізетінбіз. Қазір ондай дискеталар шығарылмайды да. Бүгінде қалалық және аудандық бөліністер өздерінің жұмыс орындарында отырып, ақпаратты жүктеп жібере алады. Заманауи технологияның көмегімен министрлік пен полиция департаменті аппаратының қызметкерлері ол мәліметтерді сол бойда қабылдайды, - дейді Тәнзиля Тұрсынғалиқызы.

Кейін ақпарат байланыс бөліміне қосылды. 2008 жылы Т.Дәулетова сол бөлім бастығының орынбасары болды. 2017 жылдың ақпан айында департамент ақпараттық талдау орталығының бастығы болып бекітілді. Ал 2019 жылдың мамыр айынан штаб басқармасының бастығы қызметін атқарып келеді.

-Шыны керек, бұл қызмет өзгеше, жауапкершілігі де үлкен екен. Барлық қиындыққа төтеп беріп, бейімделуге тура келді. Енді барлық департамент қызметі үшін жауап бересің. Бір сөзбен айтқанда, штаб департаменттің миы дейді, сол рас! – дейді полиция полковнигі.

-Тәнзиля Тұрсынғалиқызы, 8 наурыз мерекесі сізге несімен қымбат, одан не күтесіз?

-Біз де ата-ана үлгісін көріп өстік. Ертеректе әкем пластмассадан жасалған гүлін артына жасырып келіп, анама сыйлайтын. Бұл – ең алдымен аналар мерекесі. Қазір анамды аңсаймын, жоқтаймын, анаға жететін ешкім жоқ қой.

Мен жалпы мерекені жек көрмеймін. Туған күнімде, басқалай мейрамда балам мені сыйлап, шоқ гүлін, тартуын ұсынып жатады. Сол бала-келінімнің қуантқанынан артық ештеңе жоқ. Ал қызмет бабында үлкен сыйлық күтпейміз. Әйел затына кішкене көңіл бөлсе, соның өзі жетіп жатыр.

-Қызмет баспалдағымен осылайша көтерілемін деп ойладыңыз ба?

-Қарапайым қызметкерден осы лауазымға дейін жетемін деп ойлаған жоқпын. Бәрі де тынымсыз еңбекпен келді.

Негізі адам қандай жұмыс жасамасын, бәріне аса ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарау керек. Талмай еңбек етсең, атақ-даңқ, мәртебе дегенің өздігінен келетін дүние екен. Сонымен қатар ешкімге қиянат жасамай, адамдармен жылы қарым-қатынаста болу қажет. Өзгеге істеген жақсылығың түбі қайтады екен. Балама да осы ақылымды айтып отырамын.

-Ұлыңыздың ата-анасының жолын қуғанын қаладыңыз ба?

-Балам, шыны керек, есейгесін мамандықты өз еркімен таңдады. Күні бүгін ол Ақтөбе қаласында тіс дәрігері қызметінде, келінім де сондай мамандық аламын деп, білім алып жатыр.

-Халықаралық әйелдер күніне орай замандастарыңызға не тілек айтар едіңіз?

-Көктем мерекесімен барлық әріптестерімді және замандастарымды құттықтаймын. Біз ер азаматтармен бірге қызмет атқарамыз, дегенмен затымыз әйел болғандықтан, нәзіктігімізді жоғалтпасақ екен. Қызметпен байланысты мәселенің барлығы үйдің табалдырығында қалып, отбасында тыныштық, бақ-береке орнап, жақын адамдарың қуанта берсе екен деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!