03:32, 04 Маусым 2014 | GMT +5
Полиция ұрыларды қолға түсірудің амалын тапты - Семей
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейдің ұрылары бірнеше айдан бері автокөлік иелерін зар илетіп келген. Сұғанақтар біраз уақыттың ішінде 20-дан астам машинаны тонап үлгеріпті.
30 бен 36 жастағы жұмыссыз жігіттер Семейдің әр бұрышында қаңтарылып тұрған көліктерді аңдып жүріп, ішіндегі заттарды құшағына сыйғанша көтеріп кетіп отырған. Екі ай бойы тәртіп сақшыларына ұстатпай, біраз түлкібұлаңға салыпты. Кейін оларды алдап қолға түсіру үшін, қаланың бірнеше жеріне иесіз машиналар қойылды. Көп ұзамай, солардың бірін тіміскілеп жатқан күдіктілер қақпанға түсіп, қолдарына кісен салынған. Үйлеріндегі ұрланған заттардың арасында доңғалақтан бастап аккумуляторға дейін бар. Аз уақыт ішінде олар осылайша 1 млн теңгенің мүлкін қолды қылған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.