Полиция жыл басынан іздеуде болған 119 баланы үйіне қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер органдарының қызметкерлері жыл басынан бері іздеуде болған 119 баланы үйлеріне қайтарды. 

Полиция жыл басынан іздеуде болған 119 баланы үйіне қайтарды

Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев Фейсбуктегі өзінің парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олардың басым бөлігі - жайсыз отбасыдан, балалар үйлері мен мектеп-интернаттардан өз бетімен кетіп қалған балалар. Үнемі спирттік ішімдік ішетін ата-аналарымен бірге тұрғылары келмеуі және ата-аналарымен ұрыс керіс үйден кетудің басты себебі болып отыр», - деп жазды ол.

Садубаевтың атап өтуінше, жастар (әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған қыздар) танысу сайттары арқылы танысып, кездесуге уағдаласқаннан кейін үйлерінен кетіп қалып жатады.

«Аталған жайттар олардың мұндай байланыстары бар екендігін туыстары мен жақындарының білмеуі салдарынан іздеуді қиындата түседі. Бала жоғалған жағдайда кідірместен жақын маңдағы полиция бөліміне арыздану қажет. Бұл ретте өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары мен жоғалған бала туралы мәліметтер мен суреттері болуы тиіс», - деді департамент басшысы.